Видео

"Ешқашан ұмытылмайды": Олжас Сүлейменов Гагарин, ғарыш және Алматы туралы - видео

Жазылу
Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуы қарсаңында белгілі қазақстандық ақын, жазушы, лингвист және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов "Адамға табын, Жер, енді!" поэмасы шыққаннан кейін өзінің әдеби әлемге бірден танымал болғанын еске алды

Олжас Сүлейменов саналы ғұмырында Алматыда екі думанды күннің есінде қалғанын айтты. Бірі – 1945 жылдың 9 мамырындағы Жеңіс күні, екіншісі – 1961 жылдың 12 сәуірінде Юрий Гагарин ғарыш кеңістігін бағындырған сәт.

"Бүкіл әлем 12 сәуірде дүркіреп тұрды. Алматы тікесінен тік тұрды. Бұл мереке болды! Алматыда болған осындай керемет екі-ақ оқиғаны білемін. Бірі – 12 сәуір және 1945 жылдың 9 мамыры. Ол кезде жас болдым. Алматы көшелерінде де осындай үлкен қуаныш болды. Барлығы жақсы көңіл-күйде жүрді. Таңғаларлық. Өкінішке қарай, бұдан басқа мұндай мереке күндері есімде қалмапты", - деп еске алады Олжас Омарұлы.

Оның сөзінше, 1961 жылдың сәуірінде оның жазушы ретінде мансабы басталды. Бұл оның ғарышқа адамның ұшуына арнап "Адамға табын, Жер, енді!" поэмасы шыққаннан кейін болды. Өлең бірнеше күнде бүкіл әлемге тарады, поэма үзінділері әлемнің әр тіліне аударылды.

"Жаздым. Бір апта жазған болармын. Тоқтамастан жаздым, жаздым. Айғайладым! Себебі мұндай дүние үнсіз жазылмайды. Дауыстап айтып отырып жазылады. Бөлме ішінде ары-бері жүргенімнен үйдегілер де қорқып кететін. Нәтижесінде сәуірде "Адамға табын, Жер, енді!" поэмасын аяқтадым", - дейді Олжас Сүлейменов.

Сонымен қатар ақын ғарышкер Юрий Гагаринмен қалай кездескені жайлы да айтты. Олар жиі кездеспесе де, бірнеше басқосудың өзі есінде жақсы сақталған. Олар Вешенская ауылында бірге сөз сөйлеген. Кейін дәмдес болған.

Оның сөзінше, ғарышкердің қазасы туралы қаралы хабар бүкіл елді дүр сілкіндірді.

"Біз сол жерге бардық (Юрий Гагарин қайтыс болған жер – Sputnik). Владимирский облысы Киржач ауданы болу керек. Орманда мүсінші Рукавишников темір ескерткіш, темір құлпытас орнатыпты... темірдің төмен жағына "Адамға табын, Жер, енді..." деп ойып жазылған екен. Ол жерде леп белгісі емес, көп нүкте қойылған. Юрий Алексеевичті осылай шығарып салдық", - деді Сүлейменов.

Олжас Сүлейменов қазір жұрттың ғарышкер Юрий Гагаринді сирек еске алатынын айтып қынжылды.

"Жаңа ұрпақ келді. Не дегенмен арада 60 жыл өтті. Жаңа буын алғашқы ғарышкерлерді ұмытып кетті. Олардың өз қызығушылығы бар. Алғашқы ғарышкерлердің атын атамайды. Қазір олардың өз қаһарманы бар. Алайда осы ерліктің 60 жылдығында адамзат шын түсініп, қандай да бір акция арқылы атап өтуі өте маңызды. Өткізеді деген үміт бар. Гагарин ешқашан ұмытылмайды", - дейді ақын.

Жаңалықтар
0