Қоғам

Алматыда Рамазан айында күн сайын 500 адамға ауызашар қоржыны жеткізіледі

© Sputnik / Абзал КалиевАуызашар - разговение во время священного месяца Рамазан
Ауызашар  - разговение во время священного месяца Рамазан - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.04.2021
Жазылу
Ауызашар дастарқаны әдетте мешіттер жанында өткізілетін еді, биыл үйге жеткізіледі, дейді қаланың бас имамы

АЛМАТЫ, 12 сәуір – Sputnik. Алматыда Рамазан айында орталық мешіт күн сайын 500 ауызашар қоржынын қала тұрғындарына жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Орталық Азия мүфтилерімен кеңесіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сүйеніп, осындай шешім қабылданды.  Алғашқы тарауих намазы 12 сәуірде оқылады. Биыл да қаламыздағы эпидемиолоиялық жағдайдың күшеюіне байланысты мешіттерде уақытша жамағатпен тарауық намазы оқылмайды", - деді қаланың бас имамы.

Сонымен қатар Рамазан айында айтылатын уағыз-насихат, жамағаттың сауалдарына жауап беру онлайн форматта өтеді.

Қаладағы қарилар онлайн форматта Құран хатым оқиды. Оған әлеуметтік желідегі Azan.kz парақшасы арқылы күнделікті сағат 14.00-де онлайн қатысуға болады.

"Бұл – қайырымдылық айы. Биыл да қалада қайырымдылық қоржындары мұқтаж жандардың үйіне жеткізіледі. Оны "Берекелі Рамазан тосынсыйы" деп отырмыз. Ауызашар дастарқаны әдетте мешіттер жанында өткізілетін еді. Биыл үйлеріне жеткізіп беруді ұйымдастырамыз. Орталық мешіттің өзінде бір күнде 500 адамға ауызашар қоржынын үйіне жеткізіп береміз деп жоспарлап отырмыз. Ауызашар беретін – мешіт жамағаты, қаладағы қайырымды азаматтар", - деді Шоқай.

Сонымен қатар "Рамазан керуені" атты қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, намаз, құран оқып үйренгісі келетіндерге арнайы ойлайн форматта сабақтар өтеді. Ол әрбір мешіттің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы көрсетіледі.

Рамазан айында 8 (727) 329 0966, 8 700 719 7622 байланыс телефондары арқылы Алматы Орталық мешітінің пәтуа Call-орталығы тұрғындардың сұрақтарына жауап береді.

Пітір садақа

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімі баршаға ортақ пітір садақа мөлшерін 420 теңге деп бекітті.

Пітір садақасын мейізбен беруге ниетті адамдар үшін пітір садақа мөлшері 3 580 теңге, құрмамен есептесе 7 300 теңге деп бекітілген.

"Ораза ұстауға денсаулығы жарамайтын және үлкен жастағы қарт кісілер әрбір күні үшін фидия төлеп, оразасын өтесе болады. Фидия құны – 2 500 теңге. Пітір садақасын мешіттерге келіп беруге болады. Сондай-ақ kaspi қосымшасы арқылы да өзі қалаған мешіттің шотына жібере алады. Қала мешіттерінің жанына kaspi QR қойылды", - деді қаланың бас имамы.

ПЦР оразаны бұза ма?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғұламалар кеңесінің мүшесі Бауыржан Әлиұлының айтуынша, ПЦР тест тапсыру барысында адамның ішіне ештеңе кірмейді, сондықтан адамның оразасы бұзылмайды.

"ПЦР тест оразаны бұзбайды. Оразаны ішке, асқазанға түскен нәрселер бұзады. Ораза кезінде ПЦР тест тапсыруға болады", - деді Әлиұлы.

Сондай-ақ, вакцина салдыру да оразаны бұзбайды.

"Вакцина тері арқылы салынатындықтан, асқазанға түспейтіндіктен және ол адамға қуат бермегендіктен оны салу оразаны бұзбайды", - деді ол.

Жаңалықтар
0