АЛМАТЫ, 12 сәуір – Sputnik. Алматылық Әнуарбек Балахметов отыз жылдан бері адамның ғарыш кеңістігіне сапары тарихын зерттеумен айналысады. Оның ішінде ғарышқа ұшу фактілері сөз жүзінде ғана емес, заттай айғақ ретінде қолында бар. Олардың арасында монета, марка, конверт, ашықхаттар мен адамның ғарыштағы әр қадамын суреттейтін фотолар кездеседі. Алматылық мұның бәрін үйдегі мұражайында мұқият сақтайды. Соған қарамастан Әнуарбек Балахметов Sputnik Қазақстан кеңсесіне келіп, ғарыш әлеміне қатысы бар коллекциясын көрсетті.
Бала қызығушылық 30 жылға жалғасты
Әнуарбек Балахметовтың айтуынша, ғарыш әлеміне деген қызығушылық өткен ғасырдың 70-жылдары пайда болған. Мектеп оқып жүрген кезде ғарыш туралы азды-көпті ақпараты болған. Дәл сол уақытта ғарыш тақырыбына арналған алғашқы маркалар қолына түседі. Мерзімді басылымдар ғарышқа жасалған сапарлар жайлы жаза бастайды. Оқушының қызығушылығы да дәл сол уақытта басталды.
"Содан бастап жалпылама қызыға бастадым. Жалпы үрдіс. Біз кітап оқып, кітап арқылы тәрбиелендік. Анам – мұғалім, әкем – "Наука и жизнь", "Огонек" журналына жазып тұратын. Ғарышқа ұшқан сайын сол тақырып бойынша тұщымды мақалалар мен сұхбаттар шығатын. Ең жарқын ғарышқа ұшу "Союз-Аполлон" болды. Тіл меңгеріп, әр елден маркаларды жинадық, мен сияқты ғарыш әлемімен әуестенетін басқа елде тұратын адамдармен хат алмасып тұрдық. Ол мен пионер болған кез... Үш рубльге әртүрлі тақырыптағы қаншама марка сатып алуға болатын. Әкем іссапардан маркалар мен белгішелер алып келетін. Солай жинап, әуестеніп кеттік", - дейді Әнуарбек Балахметов.
Алматыға көшкеннен кейін жас жігіттің балалық шағында әуестенген ісі әлдеқайда кеңейе түскен. Ол жергілікті филателистер қауымдастығына кіреді. Өзін ғарыш әлеміне қызығатын адамдардың ортасында коллекция жиюшы ретінде жақсы көрсетеді. Сол кезде өзі секілді марка жинаумен әуестенетін Моңғолия, Германия және басқа да елде тұратын азаматтармен хат алмасып тұрады.
Болашақты айқындаған кездесу
1982 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының студенті Әнуарбек Балахметов құрылыс жасағының құрамында Арқалық қаласына барады. Торғай даласына ғарышкерлер жиі барған.
"Бізді кешке жинап, әуежайға ғарышкерлерді қарсы алуға баратынымызды айтты. Бардық, бір топ студент күтіп тұрмыз. Вертолеттер тоқтады, адамдар түсіп жатыр. Светлана Савицкая, Александр Серебров және Игорь Волков. Үшеу. Алғаш рет ғарышкерді жүзбе-жүз көрдім. Олар бізбен бірге жүрді. КСРО ғарышкерлерінің бірінші отрядының ғарышкері Борис Волынов, ғарыштағы әскери экспериментке қатысқан алғашқы ғарышкер Андриян Николаев сол жерде болды. Біз оларды бала кезден білетінбіз. Оның ішінде ғарышкерлер Көкшетауға қонатын. Алғаш болып Көкшетауға Валерий Быковский қонған. Қазірге дейін "Восход-1" экипажы қонғанын көрсететін ескерткіш тұр", - деп еске алады Балахметов.
Сол сәт Әнуар ағаның өміріне өзгеріс енгізді. Ол кісі содан бастап неге қызығатынын нақты шешкен. Ал араға 10 жыл салып, Байқоңырда болды. Өзгелерден жабық қалаға достарының көмегімен кірген. Сол жерде алғаш рет зымыранның ұшырылғанын көреді.
Содан бері Әнуарбек Балахметов Байқоңырдағы ғарышкерлердің ұшу сәтінің куәгері болуға тырысады. Көп жағдайда осы ойын жүзеге асырған. Алайда оның екінші жағы да бар. Мұндай сапарлар шындап келгенде қымбат тұрады. Алайда қызығушылығы бар адамды бұл да тоқтатпайды. Себебі бұл сапарлар әлемге әйгілі ғарышкерлермен жеке танысып, олармен бірге фотоға түсуге мүмкіндік береді. Сол оқиғаға арналған маркалар мен конверттер тарихи құжатқа айналады. Сонымен қатар коллекция жиюшы ол жақта көптеген дос тапқан.
"Ұшқыштар кезекшіліктен келеді... оларға қарап отырудың өзі қызық. Олар да бала сияқты өзара "Мына марка ерекше екен. Мынаны сіздегі маркамен ауыстыруға болады екен" деп айтып отырады. Сол жерде погон таққан үлкен аға отырады, ол да марка жинайды. Бұған барлығы мұқият қарайтын. Байқоңырда мұндай адам көп болатын. Себебі олар сол ортада жүр. Олар соның бәрін көреді", - дейді Әнуар аға.
Ал Байқоңырда жұмыс істейтін қызметкерлер Әнуарбек Балахметовтің қызығушылығы туралы біліп, коллекциясын толтыруға көмектесіп отырған.
"Ғарышкерлер ұшып келді, содан кейін ұзақ уақыт бойы оңалтуда жатады. Оларға қол қою үшін фотосуреттер, конверттер апарады. Олардың ұшуы үшін медицина қызметкерлері, іздеу тобындағы вертолетшілер мен басқа да қызметкерлер жұмыс істейді. Бірақ олар ғарышкерлерді көрмейді. Сондықтан оларға қол қойылған естеліктерді таратып береді. Байқоңырға барған кезде бақылау-өткізу пунктінде вахтер отырады, ғарышкерлердің фотосы мен қол қойылған бір уыс қағазды ұстатады да, "ала бер, саған керек қой, маған керек емес" дейді", - деп айтып берді Әнуарбек аға.
Ұрпақтар сабақтастығы
Әнуарбек ағаның көп жылдан бері қалыптасқан қызығушылығы ұлы Әлібекке берілген. Ол да әкесі секілді ғарыш әлемінің тарихи сәттерін есте сақтап қалуға, заттай айғақпен сақтауға тырысады. Ол бірде ұзақ уақыт сапарда болып, орбитадан ұшып келген жапондық астронавт Такуя Онисиге жапон тілінде сұрақ қойған.
Әнуарбек ұлының әкесі секілді ғарыш әлеміне деген қызығушылығына әрдайым қолдау көрсеткен. Ұлы алғаш рет зымыранның ұшуын 2007 жылы көрген. Ол кезде әкесі Байқоңырға дейін екі адамға билет алған. Ол уақытта ғарышқа алғашқы малайзиялық шейх Музафар Шукор аттанды. Жанына турист ретінде америкалық ғалым Чарльз Симони ұшқан.
10-сынып оқитын Әлібек 2011 жылы Алматыда тарих музейінде Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 20 жыл толуына орай көрме ұйымдастырған. Көрмеге Тоқтар Әубәкіров те келген. Балахметовтың айтуынша, ғарышкер жас ұрпақтың әлі де болса ғарыш аймағын көруге ұмтылатынына қуанған екен.
"Ұлымды қинаған жоқпын. Қазір балаларға айтқаныңды істете алмайсың. Сол алғашқы көрмеден кейін өзі қызығып, көмектесе бастады. Мысалы, америкалық, жапондық немесе Ресейдегі таныстарыма хат жазамын. Қолымнан келгенше жазамын, мерекемен құттықтаймын немесе арнайы белгі жіберемін. Ал ұлым сол хатты басқа тілге аударады не болмаса сөйлемнің дұрыс құрылғанын қарап шығатын", - дейді Әнуарбек Балахметов.
Шоқанның саяхаты
2015 жылы қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов халықаралық ғарыш станциясына ұшатын кезде Әнуарбек Балахметов этнограф, тарихшы Шоқан Уәлихановқа арналған монетаны жер орбитасына жіберу идеясын ұсынған. Ғарышкерге достары арқылы беріп жіберіп, жердің фонында иллюминатор арқылы суретке түсіруді сұраған. Ойлағанының бәрі орындалды.
Ал ғарыш әлемінде болған монетаны Балахметов көпшіліктен жасырын ұстамай, Уәлиханов туған ауылда ашылған көрмеге берген.
"Ұшу аяқталғаннан кейін монетаны музейге апаруды сұрадым. Көкшетауда Сырымбет ауылында музейде тұр. Мен де сол жерде тудым. Шоқан ол жерде әжесінің қолында тұрған, әжесі өте білімді кісі болған. Уәли ханның жесірі. Кезінде Александр II-ге хат жазып, ол ақша бөліп, үй-жай салынды. Монетаның түпнұсқасы Айғаным үйінде сақтаулы тұр", - дейді Балахметов.
Оның ғарыш тарихын жинауға деген құштарлығының жоғары болғанына қарамастан, тарихқа айналған көптеген экспонатты музейлерге өткізген.
"Мен оны не істеймін? Бәрібір өзіммен бірге алып кетпеймін ғой. Иә, әр зат мен үшін қымбат, орны ерекше. Егер менде бар зат біреуге қатты қажет болса, оны беруге дайынмын. Сатпаймын. Өзіңнің "ғарыш" өміріңді қалай сатасың?",- дейді Әнуарбек аға.
Ғарыш пен Қазақстан елтаңбасы немен байланысты
Әнуарбек Балахметовтың айтуынша, Қазақстан Елтаңбасының пайда болу тарихы еліміз тәуелсіздік алғанға дейін басталған. Оның алғашқы эскиздері КСРО кезінде, Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшар алдында жасалған.
"Шот-Аман Уәлиханов – біздің академик. Ғарышқа қазақтың ұшатынын біліп, оған сол оқиғаға арнап қандай да бір символ ойлап табу керек екенін айтқан. Ол кісі қос аққу қанатын бейнелеп, астына "Қазақстан" деп жазды. Ал оның астында шаңырақ, жарты ай мен жұлдыз бейнеледі. Бұл да ғарышқа ұшқан шеврон болды. Кейін Елтаңба жасауға конкурс жарияланған кезде Уәлиханов осы шевронды негізге алды. Яғни, бұл Әубәкіров пен Мұсабаевтың скафандрларында болған шеврон. Ол Қазақстанның Елтаңбасына ұсынылып, жеңіп алды", - деп түсіндіреді Балахметов.
Оның айтуынша, ғарыштың ізі Алматыдағы Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументінде де бар.
"Шот-Аман Уәлиханов Тәуелсіздік ескерткіші – Алтын адамның авторы атанды. Ол сақ адамын салуы керек болды. Оны Тоқтар Әубәкіровке қарап салған. Ескерткішке анықтап қарар болсақ, ол жерде расымен де ұқсастық бар", - дейді коллекция жинаушы.
Ғарышқа ұша алмай қалған ғарышкерлер
Әнуарбек Балахметовтың коллекциясында ғарыш шеврондары мен белгішелерінің орны ерекше. Оларға қарап коллекционер ғарыш экспедициясының барлық қыр-сырын, оның құрамынан бастап, сол кезде орбитада болған оқиғалардың ерекшеліктерін көруге болатынын айтты.
"Мысалы, Айымбетов ғарышқа ұшқан шевронда нота мен скрипканың суреті бар. Себебі шеврон Сара Брайтманға арнап дайындалған. Ол орбитада ән немесе ария орындауы қажет еді. Кейіннен ол анасының ауырып қалғанын айтып, ұшпайтынын мәлімдеді. Сол кезде Брайтман дегенді Айымбетов деп өзгертті", - дейді Балахметов.
Әнуарбек аға осыған ұқсас көптеген оқиғаны біледі.
"Тағы бір қызықты айтып берейін. Волков деген ғарышкер бар. Александр Волков. Ол Тоқтар Әубәкіровпен бірге ұшқан. Ал Айдын Айымбетовпен бірге оның ұлы Сергей ұшты. Олар: "біздің отбасы қазақтарды орбитаға жеткізіп салады" деп әзілдесетін", - дейді Әнуарбек аға.
Әнуарбек Балахметов болашаққа жоспар құрмайды. Ол үшін ең бастысы мүмкіндік, уақыт пен күш-қуат болып, ғарыш әлеміне жақын жүру. Әрине, коллекциясын оқиғаларды суреттейтін және растайтын жаңа экспонаттармен толықтырғысы келеді. Кез келген коллекция жиюшы сияқты ол да сирек кездесетін заттардың өзінде болғанын қалайды. Алайда Әнуарбек аға барлығын жинау мүмкін емес екенін түсінеді.