НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. Солтүстік Қазақстанда еліктер қырылып жатыр. Әлеуметтік желілерде тараған өлі жануарлардың видеосына облыс тұрғындары дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Инстаграм желісінде Солтүстік Қазақстанда тұрғындары түсірген видеолар көптеген парақшаларда тарады. Жергілікті тұрғындардың ойынша еліктер аштан қырылып жатыр деп санайды.
"Ересек жануарлар мұндай жағдайды бұрын да бастан кешкен және олар тірі қалады деп ойлаймын. Себебі олар не жеу керегін біледі, ал жас еліктер білмейді. Барлығы биыл қардың көп мөлшерде түсуіне байланысты. Соның салдарынан еліктер азық таба алмай жүр", – дейді Сергеевка ауылының тұрғыны Михаил Михайленко.
Жануарлардың жансыз денелері өңірдің басқа да аудандарында табылып жатыр. Саудыраған сүйек пен салбыраған теріден басқа дым жоқ.
"Жолдың шетінен бірнеше еліктің өлексесін таптық, ал орман ішінде олардың саны бұдан да көп. Орман шаруашылының өкілдері жануарларды жем-шөппен қамтамасыз етуі тиіс. Алайда біз ештеңе көріп тұрған жоқпыз", – дейді облыс тұрғыны Санжар Асқаров.
Орман шаруашылығының қызметкерлері болса, мұндай пікірмен келіспейді. Олар жануарлардың жаппай қырылуына азық тапшылығы емес, басқа факторлардың әсер еткенін айтады.
"Бұл биылғы қар көлемінің көп түсуіне байланысты. Тиісінше еліктер жол бойындағы ағаш бұтақтармен қоректенеді. Өлім фактілері туралы айтатын болсақ, оған көбінесе көлікпен соқтығысу не қаңғыбас иттердің талауы себеп болып отыр", – деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекциясының бөлім басшысы Олег Беспалов.
Осылайша, сан алуан пікір қайшылығы болғандықтан тәуелсіз сарапшының көмегіне жүгінуді жөн санадық.
"Әрине, бізді желідегі видеолар қатты алаңдатты, әсіресе, мұндай видеолар бір емес бірнеше. Бүгін біз орман шаруашылығы инспекциясында өткен отырысқа қатысып, осы сұрақты қойдық. Бірақ нақты жауап ала алмадық. Сондықтан еліктер қырылып жатқан жерлерді бірге аралайық деген ұсыныс айттық. Алайда қардың көп түсуіне байланысты қазір мүмкін емес деп өтінішімізді қабылдамады", – деді облыстық "Добрая планета" қорының директоры Татьяна Мұхамеджанова.
Оқи отырыңыз: "Адамдар қырылып жатыр": Танымал тұлғалар Тоқаевқа жанайқайын жеткізді
Ресми дерек көздеріне сүйенсек өңірде шамамын 15 мыңдай елік бар. Ал олардың қаншасының қырылғаны әзірге белгісіз.