Қоғам

Қазақстанның Бас мүфтиі халыққа үндеу жолдады

© Photo : Официальный сайт президента КазахстанаВерховный муфтийКазахстана Наурызбай кажы Таганулы
Верховный муфтийКазахстана Наурызбай кажы Таганулы - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.04.2021
Жазылу
Наурызбай қажы Тағанұлы мұсылмандарды ауызашар кезінде, құлшылық сәттерінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір — Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айы қарсаңында халыққа үндеу жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Өкінішке қарай, биыл да қасиетті Рамазан айын пандемия жағдайында өткізгелі отырмыз. Жұқпалы дертті оқшаулану, сақтану арқылы ғана жеңуге болатынын анық аңғардық. Осы ретте сіздерді ауызашар кезінде, құлшылық сәттерінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын", - деді Тағанұлы астанада өткен онлайн брифингте.

Бас мүфти жасы 60-тан асқан адамдарға ауыз бекітуден бұрын медициналық тексеруден өтіп, дәрігердің кеңесін алуға үндеді.

"Егде жастағы және балиғатқа толмаған азаматтардан күрделі ахуал тұрақталғанша мешітке бармай, құлшылықты үйде орындауын сұраймыз. Сіздерді пандемия кезінде барынша сақтанып жүруге, адам көп шоғырланған орындарға бармауға, ауыз бекіткен жағдайда дұрыс тамақтануға, мүмкіндігінше жұмыс кестесін ыңғайлап, денсаулықты күтуге үндеймін", - деп атап өтті бас мүфти.  

Биыл мүфтият Рамазан айында айтылатын уағыз-насихат, сұрақ-жауап жұмыстарын онлайн режимде жүргізуді жалғастырады. Құран хатым жасау рәсімдері де қашықтан оқылады. Бұдан бөлек, діни дәрістер болады. Қасиетті Қадір түні мен Ораза айттың онлайн бағдарламасы ұсынылады.

"Интернет желісі арқылы сұраққа жауап алып, онлайн насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға болады. Біз қазіргі жағдайды ескеріп, өткен жылы жүзеге асырған жобамыз бойынша пітір садақасы мен зекетті онлайн режимде берудің оңтайлы жолын тағы ұсынып отырмыз", - дейді Тағанұлы.

Рамазан-2021: Ораза кестесі

Рамазан айында қайырымдылық жасауға да жағдай жасалады. Ауызашар қораптарын еріктілер немесе мешіт қызметкерлері арқылы көмекке мұқтаж азаматтарға жеткізуге болады.

"Алла Тағала ниетіміз бен амалымызды қабыл етіп, баршамызды Рамазаннан Рамазанға дейін айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей! Жаратушы Иеміз жер бетінен жұқпалы індетті жойып, жұртымызға жар болғай, елімізді аман, жерімізді тыныш еткей! Әмин! ", - деді бас мүфти.

Айта кетейік, 2021 жылы қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні. 13 мамыр – Ораза айттың бірінші күні. Биылғы пітір садақа мөлшері жан басына 420 теңге болып белгіленді.

Жаңалықтар
0