Экономика

Қаржы министрлігі мобильді аударымдарға қатысты өзгерісті жариялады

© Sputnik / Болат ШайхиновСмартфон мен ақша, архивтегі сурет
Смартфон мен ақша, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.04.2021
Жазылу
Министрлік кәсіпкерлер мобильді аударымдарды пайдаланғанда кассалық чек бермегендіктен, салық төленбей қалады деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 7 сәуір – Sputnik. Қаржы министрлігі мәжілістің ақша аударымдарына салық салу мәселесіне қатысты депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрліктің мәліметіне сәйкес, бүгінде банк карталарынан ақша алу көлемі азайып, мобильді транзакциялар айтарлықтай өсті. Бірақ жеке тұлғалар арасындағы жедел аударымдарды кәсіпкерлік қызметте кеңінен қолдану әрекеттері көбейген. Осылайша, бизнесмендер нақты ақша айналымын жасырады және көлеңкелі айналымдардың дамуына ықпал етеді.

"Мемлекет тарапынан бизнесті дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Шамамен 1,2 миллион микро және шағын бизнес субъектілері табыс салығын төлеуден үш жылға босатылған және тексеруге үш жылдық мораторий енгізілді. Ал бизнес қолданыстағы барлық заңнамалық норманы адал орындауы тиіс", – делінген ресми жауапта.

Кәсіпкерлер мобильді аударымдарды пайдаланғанда кассалық чектер бермейді. Содан салық төленбей қалады. Тұтынушылардың құқығы да бұзылады.

"Аударымдардың коммерциялық мақсаттарда кеңінен таралуына байланысты министрлік ұлттық банкпен, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп қолданыстағы тетікті сақтай отырып, мобильдік аударымдарды жеке және кәсіпкерлік мақсаттарға бөлу жөніндегі функционалды заңнамалық реттеу және іске асыру мәселелерін пысықтауда", – дейді министрлік мамандары.

Оқи отырыңыз: Елордалық депутат Kaspi Gold иелерін 3% салық төлеуге міндеттеуді ұсынды

Бұл мәселеге қатысты бүгінгі таңда бірқатар ұсыныстар да бар. Олар:

  • кәсіпкерлік қызметке арналған жеке шотты пайдалану;
  • барлық мәліметті мемлекеттік кірістер органдарына беру;
  • "мобильді төлемдер" ұғымының анықтамасын енгізу;
  • кәсіпкерлік қызметке арналмаған шоттарды пайдалана отырып, ең жоғары ықтималдықпен табыс алу белгілерін анықтайтын тәуекелдерді басқару жүйесін әзірлеу.

"Жоғарыда көрсетілген бастамалар салықтың жаңа түрі болып табылмайды әрі салық есептіліктері мен салықтарды төлеуде мәліметтердің дұрыс және толық көрсетілуіне бағытталған. Бұл ретте, болжанып отырған шаралар жеке тұлғалардың жеке мақсаттардағы аударымдарына әсер етпейтінін атап өтеміз", – делінген ресми хабарламада.

Жаңалықтар
0