НҰР-СҰЛТАН, 7 сәуір – Sputnik. Асырап алған балалардың басым бөлігі балалар үйіне кері қайтарылады, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Елімізде жыл сайын мыңға жуық ата-ана бала асырап алу туралы шешім қабылдайды. Алайда қанша күш салынғанмен, баламен тіл табысу барлығының қолынан келе бермейді. Бала отбасында ұзақ уақыт болмаған сайын, күнделікті өмір салтына бейімделу соғұрлым қиындай түседі. Балалар үйіндегі тәрбиенің ізі мәңгі қалады.
"Бала мекемеде неғұрлым ұзақ тұрса, соғұрлым терең жарақат алады. Бала туғаннан бастап сол жерде тұруы мүмкін. Ол отбасы жылуын сезбей өседі. Материалдық-техникалық тәрізді барлық мүмкіндіктер жасалғанмен әр баланың жақын сезінетін адамы жоқ", - дейді "Ана үйі" бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік" ҚҚ жобасының жетекшісі Ләззат Жүсіпова.
Баланың қиындыққа толы өткен өмірі оған әсер етіп қана қоймай, жаңа отбасына бейімделуге кедергі келтіреді. Асырап алған баланың қиын мінезіне шыдамаған ерлі-зайыпты оны балалар үйіне қайтарады. Бұл кәмелетке толмаған баланың психологиясын одан әрі жарақаттайды. Асырап алынғандардың 20%-і кері қайтарылады.
Мәселен, Қостанай облысында апалы-сіңлі екі қыз он жылда жеті мекеме мен екі отбасын ауыстырған. Ал Шымкентте балалар үйіне 17 жасар жасөспірімді қайтарған. Оны бір жарым жасында асырап алған.
"Алматы облысында әйел алты жасар баланы асырап алды. Бала ақша ұрлайды, өтірік айтады, мектепке бармайды деген шағымдар түсті. Әйелге тұрақты түрде кеңес беріп отырдық. Айтқан кеңестерімізді тыңдамады. Баланы қайтарып алу туралы бастама көтердік. Кейін толыққанды отбасын таптық. Қазір бала жақсы бейімделіп келе жатыр", - дейді Ләззат Жүсіпова.
Оқи отырыңыз: Үйдің кіреберісінен нәресте табылды: полиция қарағандылықтардан көмек сұрады
Кері қайтарудың санын азайту үшін бала асырауға үміткерлер арнайы мектептен өтуі міндеттелген. Бұл курста бала асырап алушыларға алда не күтіп тұрғаны айтылады. Арнайы дайындықтан кейін бала асыруға ниет білдіргендердің үштен бірі сейіледі.
Қазір балалар үйінде 4 мыңнан астам тәрбиеленуші бар. Он жыл бұрын бұл сан үш есе көп еді. Балалардың 90%-і жеті жастан асқан. Бұл дегеніміз, олардың өз отбасын табуы екіталай.