НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір — Sputnik. "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан республикасының заң жобасы "Ашық НҚА" сайтында жарияланды.
Бұл заң жобасы Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың 2-3 наурыз аралығында елімізге жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша әзірленді.
Құжатқа сәйкес, қорғаныс министрлігі пайдаланылмаған әскери-техникалық мүлікті әріптестеріне өтеусіз негізде беруге дайын. Көмектің мақсаты - екі ел арасындағы достық қарым-қатынас мен әскери ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ Орталық Азия аймағында қауіпсіздікті нығайту.
Заң жобасында қырғыз тарапы келісім аясында алынған мүлікті, оны пайдалану құқығын үшінші тұлғаға бере алмайтыны атап көрсетілген.
Оқи отырыңыз: Ақордада өткен кездесуде қырғыз президенті Тоқаевты таңғалдырды
Берілетін әскери мүліктің тізіміне сәйкес, қазақстандық тарап қырғыз әріптестеріне алты миллионнан астам 5,45 мм оқ-дәрі, 1000 дана жарықшақты-фугасты бастиегі бар 122 мм реактивті снаряд, 2000 дана қызғылт сары түсті түтінді жерүсті сигналдық патрон, 1000 дана 26 мм сары түсті отты сигналдық патрон беруге дайын.
Сондай-ақ Қырғызстанның қорғаныс министрлігіне 4 бірлік "Восток-СП" есту-қабылдау бекеті, 6 бірлік "Галактика" РПҚ және 1 бірлік "Калина 12х80" антенналық коммутаторы тапсырылады.
Әскери техниканы Қырғызстан Республикасының Қой-Таш елді мекеніне қазақстандық тарап жеткізеді.