Қоғам

ҰБТ-ны екі рет тапсыру үшін не істеу керек

CC0 / Lecroitg / Тест тапсырмасы
Тест тапсырмасы - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.04.2021
Жазылу
Биыл ұлттық біріңғай тестілеу электронды форматта өтеді және тест тапсыру уақыты мен орнын әрбір түлектің өзі таңдайды

НҰР-СҰЛТАН, 5 сәуір – Sputnik. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуді екі рет тапсыруға болады. Соның арқасында түлектің мемлекеттік грантқа түсу мүмкіндігі артады. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұған дейін мемлекеттік грантқа түсуге бір ғана мүмкіндік берілген. Түлек қандай ұпай жинаса, сол баллмен конкурсқа қатыса беретін.

"Биыл әрбір тестілеушіге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік жасалып отыр. Мысалы, бірінші тестілеуден 85 балл алса, ал екінші тестілеуден 100 балл жинаса, жоғары нәтижемен гранттар конкурсына қатыса алады", – деді Каринова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеуді екінші рет тапсыру үшін тағы өтініш беру керек. Ал тесттің нәтижесі де тест тапсыратын адамның жеке кабинетінде көрсетіледі.

Айта кетейік, биыл ҰБТ электронды форматта өтеді. Мерзімі – үш ай (сәуір, мамыр мен маусым). Мектеп түлектері тест тапсыру уақыты мен орнын өздері таңдайды. Ал тест нәтижесі жұмыс күнінің соңында емес, тест аяқталған бойда жарияланады Апелляцияны 30 минуттың ішінде беруге болады.

Пәндердің саны бұрынғыдай қалады. Олар – үш міндетті және екі таңдау бойынша бейіндік пән. Тестілеу тапсырмаларының саны да өзгермейді. 120 тапсырма, ал ең жоғарғы балл – 140. ҰБТ-ны тапсыруға төрт сағат беріледі.

Оқи отырыңыз: Биылғы ҰБТ-ның ерекшелігі неде – білім министрлігі түсініктеме берді

Ресми мәліметке сәйкес, биыл 120 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсырады деген болжам бар.

Жаңалықтар
0