НҰР-СҰЛТАН, 3 сәуір - Sputnik. Қазақстанның тоғыз өңірінде дабылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Қазгидрометке сілтеме жасап.
Ақтөбе облысында кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы - 16 м/с шамасында.
Түркістан облысында жауын-шашын түседі. Кей жерлерде найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін, соққан желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетеді.
Шымкентте қатты жауын-шашын болады. Күндіз найзағай ойнап, бұршақ жауады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Қызылорда облысында найзағай ойнайды. Жел секундына 15-20 метрге жетеді.
Маңғыстау облысында шаңды дауыл күтілуде. Батыс, солтүстік-батыстан жел соғып, күндіз секундына 15-20 метрге жетеді.
Ақмола облысында тұман түсіп, желдің күші секундына 15-20 метрге жетеді деп болжанып отыр.
Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метр болады.
Қостанай облысында кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады. Жел соғады.
Қарағанды облысында кей жерлерде тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан, шығыстан соққан желдің күші секундына 15-20 метрге жетеді.