Өңірлер

Солтүстік Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алғандардың басы дауға қалды

© Sputnik / Абзал КалиевИллюстративті фото
Иллюстративті фото  - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.04.2021
Жазылу
НовостиTelegram
Бастапқыда әкімдік қызметкерлері табысы күнкөріс деңгейінен төмен әйелдерге атаулы әлеуметтік көмек алуды ұсынған. Енді ақшаны қайтаруды талап етіп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті шенеуніктер жалғызбасты аналарды атаулы әлеуметтік көмекті қайтаруға міндеттеп жатыр. Бірақ әйелдерде ондай ақша жоқ, деп хабарлайды AstanaTV.

Бізге маза бермейді

Аналар атаулы әлеуметтік төлемді рәсімдеген сәтте табысы күнкөріс деңгейінен төмен болған. Кейіннен шенеуніктер "есеп-қисап дұрыс жасалмады" деген желеумен барлық ақшаны қайтаруды талап етті. Мәселен, үш баласы бар Қарақоға аулының тұрғыны Виктория Красавина әкімдікке 300 мың теңге қарыз болып қалды.

2019 жылы отбасының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (29 698 теңге – Sputnik) аспай тұрған. Сол кезде әкімдік қызметкерлері оған атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеп алуды ұсынды. Ай сайынғы төлем – 70 мың теңге. Енді, шенеуніктер өз қателігін мойындап, есеп-қисап жасайтын бағдарламаның дұрыс істемегенін алға тартады.

"Ай сайын қоңырау шалып, ақшаны қайтаруды талап етеді. Қайтаратын жағдайымыз жоқ. Оның үстіне біз табысты жасырған жоқпыз. Барлығы базада көрсетілген", – дейді Красавина. 

80 теңгенің жыры

Қарақоғаның тағы бір тұрғыны – үш баланың анасы Оксана Сүлейменова да тура сондай жағдайға тап болған. Оған жарты жыл бойы атаулы әлеуметтік төлем беріліп келген. Енді, шенеуніктер ақшаны қайтаруды талап етіп отыр. Себебі оның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 80 теңгеге асып кеткен.

"Сол 80 теңге үшін бізді алаяқ деп отыр. Қараша айында ескерту қағазын да әкеліп берді. Онда 177 мың теңгені қайтару жайында жазылған. Сот отырысынан кейін олар арыздарын қайтарып алды. Кеше тағы бір ескерту қағазын әкелді. Онда 136 мың теңге қарызбын деп жазылған. Соған қарағанда ақшаның сомасы күн сайын өзгеріп жатқан сияқты", – дейді Сүлейменова. 

Қателік неден кетті?

Жергілікті шенеуніктер мәселенің мән-жайын түсіндірді. Олардың сөзіне қарағанда, ақпараттық жүйе дұрыс істемепті. Содан барлық мәліметті қолмен енгізуге тура келген. Оған қоса, жалғызбасты аналардың жұмыс берушілері зейнетақы жарналарын уақытында аудармаған. Сол себепті бас кезінде екі ананың табысы төмен болып тұрған.

Ал зейнетақы жарналары аударылғаннан кейін әл-ауқаты бірден "көтерілген". Сосын шенеуніктер үйдегі малды, тіпті бау-бақшадағы қияр мен қызанаққа дейін санайды. Өйткені, ол да табыс көзі.

"Бүгінде отбасының жан басына шаққандағы табысын санаудың тәртібі бар. Қияр болсын, сиыр болсын, барлығына қатысты нормативтік карта енгізілген. Оның бәрі табысты есептеу кезінде ескеріледі. Ал атаулы әлеуметтік төлемді алатын адам табыстың қалай өзгергенін біледі ғой. Ол да өз жауапкершілігін сезінуі керек. Сиыр алды ма, қырыққабат өсті ме, қияр шықты ма, соның бәрін ескеру қажет", – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытжан Ысқақова.

Оқи отырыңыз: Жәрдемақыны оңды-солды таратуды доғару қажет – Тоқаев

Қалай десек те, сот шешімі бойынша Виктория Красавина мемлекетке ақшаны қайтарып беруі тиіс. Ал Оксана Сүлейменова болса, қоғамдық жұмыстарға тартылып отыр. Осылайша, ол өз қарызын өтейтін болады.

Жаңалықтар
0