НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір — Sputnik. Қазнетте Алматыдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірінде түсірілген видео тарады. Кадрлардан қалың топтың ғимаратқа бірін-бірі итеріп, кіріп жатқанын байқауға болады.
Видеодағы жағдайға байланысты "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан тілшісіне түсініктеме берді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Карантиннің күшейтілуі мереке күндерге сәйкес келді. Бұл күндері барлық халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істемеді. Олар азаматтарды 25 наурыздан бастап алдын ала брондау форматында қабылдай бастады. Алайда бұны кейбір алматылықтар білмеген", - деді баспасөз қызметіндегілер.
Мемлекеттік корпорациядағылар кей азаматтардың алдын ала брондау туралы білмейтінін, сәйкесінше оларға алдын ала тапсырыссыз қызмет көрсетілмейтінін айтты.
"Олар ғимаратқа кіруге тырысып, видеода көргеніміздей жанжал тудырады. Сонымен қатар белгілі бір уақытқа брондау жасаған клиенттер бірнеше сағат бұрын келіп алады. Бұл кептеліске әкеледі. Брондау жасамаған делдалдар мен сақтандыру агенттері де қосымша шу шығарады", - деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.
Мемлекеттік корпорацияның хабарлауынша, видео бірнеше күн бұрын мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында түсірілген. Ол жерде тек автокөлікті қайта тіркеу бойынша қызмет көрсетіледі. Қазір халыққа қызмет көрсету орталығындағы жағдай бақылауда. Барлық клиент алдын ала тапсырыс бойынша кезекпен қабылданады. Баспасөз қызметі сөздерінің дәлелі ретінде бейнематериал да ұсынды.
Эпидемиологиялық жағдайды бағалау деректеріне сәйкес, Алматы қаласы коронавирустың таралу қарқыны бойынша "қызыл аймақта" тұр.