НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір - Sputnik. ЕАЭО елдері экономикасының мүддесі үшін ұлттық валютаға ауысып, валюта нарығындағы сыртқы дағдарыстан қорғану қажет.
Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) интеграция және макроэкономика министрі, Ресей Ғылым академиясының академигі Сергей Глазьев Sputnik халықаралық ақпараттық агенттігінің Мәскеу - Нұр-Сұлтан - Бішкек - Минск - Ереван бейнекөпірі кезінде айтты.
"Біз экономикалық кеңістікті қорғап қалуымыз үшін доллардан немесе тұрақтылығын жоғалтқан басқа валюталардан бас тартуымыз қажет. Ұлттық валютаға ауысып, ұлттық баға белгілеу тетіктерін қалыптастырғанымыз жөн. Осылайша тәуелділіктен шығамыз. Соңғы 10 жылда доллардың үлесі дүниежүзілік есепте күрт төмендеді, бұрын ол 80%-ті құраса, қазір осының жартысынан сәл асады", - деді Глазьев.
Оның пікірінше, бұл үрдіс жалғасын тауып, доллар құнсыздана береді.
"Бұл біз әсер ете алмайтын сыртқы фактор. Бірақ әрқашан өзімізді қорғай аламыз. Ол үшін сыртқы валюта мен қаржы нарығының дағдарысынан оқшаулану керек. ЕАЭО, жалпы Еуразия үшін ұлттық валютаға және халықаралық құқыққа негізделген өз валюталық-қаржылық жүйемізді құруды ойланғанымыз абзал", - деді министр.
Оның пікірінше, америкалық валюта-қаржы жүйесінің тұрақсыздануы қазірдің өзінде доллардың құнсыздануына әкелуде.
Басқа валюталарға қарағанда доллардың құнсыздануы байқалатынын атап өткен ол, "Бұл бізге онша білінбейді, өйткені біздің валюта да әлсіреуде", - деді.
"Егер доллардың басқа валюталарға қатынасы туралы айтсақ, доллар СДР (Халықаралық валюталық қор құралы) қалыптасқанға дейін 40%-ке құнсызданды", - деді Глазьев.
Оқи отырыңыз: ЕАЭО елдерінде ортақ валюта қашан пайда болуы мүмкін
Оның пікірінше, америкалық санкциялар доллардың тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Ал ресейлік кәсіпорындар доллардан бас тартуда. Бұл есепшоттың оқшаулануы, ақшаның тоқтатылуы, келісімдердің бұғатталуы түріндегі қаржы санкциялары тәуекеліне байланысты болып отыр.
"Қазірдің өзінде Ресей-Қытай сауда-саттығы толықтай ұлттық валюта мен еуроға өтті. Біз ЕАЭО шеңберінде де осыны қолға алудамыз. Есептерде ұлттық валюталарды қолдануды кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде", - деді маман.
"Әлі күнге дейін доллармен бағаланатын көмірсутектерді қоспасақ, біздің өзара сауда-саттықтың 70%-тен астамы ұлттық валютада жүзеге асырылады", - деді министр.
Глазьевпен өткен бейнекөпірдің толық нұсқасын мына сілтемеден көре аласыз.