Қоғам

Алматылық оқушылар төртінші тоқсанда қалай оқиды

© Photo : Официальный сайт президента КазахстанаГлава государства посетил новую школу
Глава государства посетил новую школу - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.03.2021
Жазылу
Оқушылар мен мұғалімдер арасында коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында биыл оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталған болатын

АЛМАТЫ, 30 наурыз – Sputnik. Алматыда оқушылар IV тоқсанда қашықтан оқиды. Бұл туралы брифинг кезінде Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оқушылар мен мұғалімдер арасында коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында биыл оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталғаны белгілі. Жұмановтың айтуынша, Алматы қаласы қазіргі уақытта "қызыл" аймақта және эпидемиологиялық жағдай нашарлап барады.

"Осыған байланысты мектептердің оңтайлы жұмыс режимін қамтамасыз ету үшін Алматы қаласы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен оқу жылының соңына дейін жалпы білім беретін мектептердің 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін қашықтан оқыту форматына көшіру туралы шешім қабылданды", - деді Жұманов.

Сондай-ақ ата-анасының өтініші бойынша 1-ден 5-сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 1-ден 7-сыныпқа дейін, 9 және 11 сынып оқушыларына кезекші сыныптар ашылады. Балалар саны 15 адамнан аспайды. Кезекші сыныпқа созылмалы ауруы жоқ балалар қабылданады.

"Кезекші сыныптарға баратын оқушыларға мектеп формасын кию міндеттелмейді. Таза, ұқыпты киімде болуы керек", - деді басқарма өкілі.

2020-2021 оқу жылында Алматыда мыңнан астам оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның ішінде 200-ден астам бала мектепте офлайн режимде оқыған. Ал қалған балалар науқас туыстарымен қарым-қатынас кезінде жұқтырған.

Басқарма өкілінің сөзінше, сабақтың қашықтан өтуіне байланысты оқу жылын ұзарту мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Оқу жылы жоспарға сай уақытта аяқталады. Кестеге сәйкес оқу жылының соңында 9-сынып оқушылары үш пәннен емтихан тапсырады. Үшеуі де жазбаша форматта өтеді. 11-сынып оқушылары 4 пәннен емтихан тапсырады.

Айта кетейік, қазір Алматыда 287 мыңнан астам оқушы оқитын 278 мектеп бар, оның 207-сі мемлекеттік, ал 71-і - жекеменшік мектеп.

Жаңалықтар
0