Экономика

Диқандарға дизель отынын жеткізу жоспардан кешеуілдеп жатыр

© Министерство энергетики Республики КазахстанПосевная. Архивное фото
Посевная. Архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.03.2021
Жазылу
Ақпан айында жоспарланған 16,6 мың тоннаның 90%-і, наурыз айында 115,7 мың тоннаның 43%-і тиеп-жөнелтілді

НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз – Sputnik. Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев көктемгі егіс жұмыстарына қарастырылған дизель отынын жеткізу кестесі қалай орындалып жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Энергетика және ауыл шаруашылығы министрліктері бірлесіп, биылғы дала жұмыстарына дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесін әзірледі.

Ноғаевтың айтуынша, кесте аясында диқандар үшін қажеттілік 380 мың тонна көлемінде бекітілді. Алайда ақпан және наурыз айларында жоспарланған дизель отынының тек жартысы ғана тиеп-жөнелтілген.

"29 наурыздағы жағдай бойынша аталған кестені іске асыру барысы төмендегідей: ақпан айында жоспарланған 16,6 мың тоннаның 14,8 мың тоннасы, яғни 90%-і тиеп-жөнелтілді. Ал наурыз айында жоспарланған 115,7 мың тоннаның 50,3 мың тоннасы, яғни 43%-і тиеп-жөнелтілді", - деді министр үкімет отырысында.

Сондай-ақ, сәуірде 107 мың тонна, мамырда 125,4 мың тонна және маусым айында 15 мың тонна жөнелту жоспарланып отыр.

Ноғаев тиеп-жөнелту жасалған төлемге сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Биыл көктемгі егіс жұмыстарына арналған дизель отынының бағасы Павлодар мұнай-химия зауыты мен Шымкент мұнай өңдеу зауытында 1 тонна үшін 174 мың теңгені, ал Атырау мұнай өңдеу зауытында 1 тонна үшін 172 мың теңгені құрап отыр.

Министрліктің бағалауы бойынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының бағасы автожанармай құю станциясының бөлшек сауда бағасынан литріне 15-20 теңгеге төмен деп күтілуде.

Премьер-министр Асқар Мамин энергетика министрлігіне егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының қажетті көлемін жеткізуді тапсырды.

Бұған дейін энергетика министрі Нұрлан Ноғаев қаңтарда мұнай өнімдері неге жоспардан аз өндірілгенін түсіндірген болатын.

Жаңалықтар
0