АҚШ президенті Қытайға қарсы жаңа санкциялар енгізіп, Владимир Путин мен Си Цзиньпинді 22-23 сәуірде өтетін климаттың жаһандық өзгеруі мәселелері жөніндегі виртуалды саммитке қатысуға шақырып отыр. 40-қа жуық әлем елінің көшбасшылары қатысатын конференция тікелей эфир арқылы көрсетіледі, деп жазды РИА Новости.
Вашингтондағы жаңа әкімшілік бұл жолы көрегендік танытып отыр: мұндай шараны өткізу идеясының өзектілігі жоғары болуы соншалық, онымен екі емес, он қоянды атып түсіруге болады.
Трамп АҚШ-ты климат жөніндегі Париж келісімінен шығарып тастаған болатын. Ал енді осы келісімге Вашингтонды қайта қосқаннан кейін Джо Байден саммит кезінде Америка алға қарай жылжып, осы мәселеде әлем көшбасшысы рөлін қайта өз мойнына алуға дайын екенін көрсете алады.
Алайда климат проблемасы біраз уақыттан бері қысым құралына айналған. Себебі америкалықтар мен еуропалықтар оның көмегімен өздерінің экономикалық және геосаяси бәсекелестерінің дамуын тежеуге тырысып келеді. Оның үстіне өзінің басымдық рөлінен біртіндеп айырылып бара жатқан қазіргі әлемде Батыс экология тақырыбын мейлінше жан-жақты қолдануға талпынуда. Мысалы, 2023 жылы Еуроодақ парниктік газдардың шығуы жоғары импорттық өнімдерге көміртек салығын енгізеді. Олардың қатарына мұнай, газ, металдар, тыңайтқыштар, цемент, яғни ресейлік экспорттың едәуір бөлігі жатады. Ал бұл ресейлік өндірушілер үшін үлкен сынаққа айналғалы тұр.
Сонымен қатар ұзақ мерзімге бағытталған жаһандық аспектілерден бөлек алдағы саммитте Ақ үй өзі үшін максимум пайдалы етуге тырысатын жедел аспектілер де бар.
Ресей мен Қытайдың Батыспен қарым-қатынасы қатты шиеленісіп, халықаралық байланыс дағдарыс кезеңінде тұрған шақта ресейлік және қытай көшбасшылары саммитке қатысуға шақыру жөнелтілді. Белгілі бір мәселелер бойынша мемлекеттер арасында кикілжің болғанымен басқа салалар бойынша әріптестік жалғасып жатуында ешқандай сөкеттік жоқ. Бұл қалыпты жағдай.
Джо Байден Ресей президенті туралы мәлімдеме жасаған болатын. Бірақ Анкоридждегі екіжақты кездесу кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысының Қытайға қатысты ашық дөрекілігі мен хаттаманы бұзуын Вашингтонның саналы саясаты деп бағаламасқа амал жоқ. Бұл оқиға Бейдің үшін де жағымсыз болды. Себебі ҚХР жаңа әкімшілік алдыңғы президенттің антиқытайлық ұстанымын аз да болса жеңілдетеді деп үміттенді. Оның үстіне Джо Байден де Бейжіңге қатысты трамптық дауқұмарлықтан арылып, "шекті бәсекелестікке" көшетінін жария еткен болатын.
Алайда қазір жағдай тек ушығып барады. Трамп қытай тауарларына қатысты түрлі шектеулер енгізіп, экономика саласында ғана "соғысып" келсе, демокрттар айналасындағылардың барлығына демократияны, адам құқықтары мен экологиялық жауапкершілікті үйретуге талпынып жатыр.
Ұйғырларға қатысты мәселе бойынша Қытай үлкен сынның астында қалды. Бейжің де қарап отырмайтынын көрсетіп, жауапты санкциялар еншізуді қарастырып жатыр. Ал Вашингтон қытайлық әдістерді еш негізсіз деп атап отыр. Бейжің жеке тұлғаларға емес, антиқытайлық науқанға қолдау көрсеткен H&M, Nike және Adidas сынды әлемдік алпауыт брендтерді қара тізімге енгізбекші.
Сол себепті қоршаған орта проблемасы талқыланатын шара Вашингтон үшін ықпал ету құралына айналып отыр. Себебі Владимир Путин мен Си Цзиньпинь бұл шақыруды елемей қойса, онда АҚШ қос державаны жауапсыз деп айыптап, адамзат проблемасын ескермеді деп кінә таға алады.