АЛМАТЫ, 29 наурыз – Sputnik. Павлодарда үй ауласында жасөспірімді қағып, оқиға орнынан бой тасалаған жүргізуші анықталып, айыппұл салынды, деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
26 наурызда сағат 15:00 шамасында Ломов көшесі, 154/4 үйдің ауласында жүргізуші автокөлікпен кәмелетке толмаған баланы қағып, қашып кеткен.
Баланы соққан сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Зардап шеккен бала ауруханаға жеткізілген.
"Кәмелетке толмаған жаяу жүргінші алған дене жарақатының ауырлық дәрежесін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды", - деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Мұстафинов.
Тәртіп сақшылары жақын маңдағы кіреберістер мен үйлердегі бейнекамера жазбаларын қарап, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізушіні іздестіру шараларын жүргізді.
28 наурызда Daimler Benz автокөлігінің жүргізушісі анықталды. 23 жастағы тәртіп бұзушыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610, 611-баптары бойынша әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды. Автокөлік айып тұрағына қойылды.