Өңірлер

Коронавирустың үшінші толқыны: Сағынтаев алматылықтарға үндеу жасады

© Sputnik / Тимур БатыршинДень города в Алматы
День города в Алматы - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.03.2021
Жазылу
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тікелей эфир кезінде қаладағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты. Жаңа мутацияланған штаммдар пайда болып жатқанын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 28 наурыз — Sputnik. Ірі қалаларда коронавирустың үшінші толқыны басталып жатыр деуге болады. Бұл туралы тікелей эфир барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты.

"Жазбен салыстырар болсақ, тәулігіне екі есе көп жағдай тіркелуде. Бұл коронавирустың жаңа штаммдарымен байланысты. Алматы қазір қиын жағдайды өткеріп жатыр", - деді Сағынтаев.

Жаңа штаммдарды жұқтыру көрсеткіші базалық штаммға қарағанда 70 процентке жоғары. Инфекция тез жұғады. Сондықтан мегаполисте вирусқа шалдығу жағдайы көп тіркеліп жатыр.

Зерттеу барысында британдық және оңтүстікафрикалық штаммдарға ұқсас мутациялар анықталды.

Сағынтаевтың айтуынша, қаңтар айынан бері вирус жылдам таралуда. Салдарынан медициналық мекемелерде орын азайып келеді.

Қалада барлығы 7 011 орын бар. Олар науқастардың жағдайына байланысты үшке бөлінген: ауыр, орташа және жеңіл түрі. Қазіргі уақытта бес мың төсек-орынның 48 проценті бос тұр. Инфекциялық ауруханаларда 1080 орын бар, оның 75 проценті бос емес. 

Алайда әкімнің айтуынша, әзірге қаланы жабу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.

"Қаланы жаппаймыз. Мұндай мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Қабылданған шаралар жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз", - деді қала басшысы тікелей эфирде алматылықтардың сауалына.

Ол барлық шектеу шаралары тәуліктегі вирус жұқтыру көрсеткішіне байланысты болатынын атап өтті.

"20 наурыздан бастап шектеу енгізілді. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты тағы екі аптаға созу туралы шешім қабылдадық. Бүгін кәсіпкерлермен кездестік, 1,5 сағат бойы шараларды талқыладық. Бизнес тарапынан түсіністік бар. Енді қалалық бюджетті ескере отыра, кәсіпкерлерге қолдау көрсету шараларын ойластыратын боламыз. Алдағы аптаның соңында бас қосамыз. Егер жағдай тұрақталса, шектеу шараларын қайта қарастыратын боламыз", - деді Сағынтаев.

Жаңалықтар
0