НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз – Sputnik. Энтони Блинкеннің АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы ретінде Еуропаға алғашқы іссапары мен Джо Байденнің күні кеше ғана өткен бірінші баспасөз мәслихаты мән-мағынасы жағынан бір-біріне ұқсас, деп жазады РИА Новости.
НАТО-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомство басшыларының кездесуіне қатысуы, трансатлантикалық серіктестер арасындағы сыйластық пен ресми әдептің сақталуын Блинкеннің Еуропаға сапары барысындағы негізгі жетістіктер деп атауға болады. Алайда "Ресей жаман, Қытай қауіпті, Иранды тізгінде ұстау қажет" деген сияқты ортақ мәселелерден ауытқып, басқа проблемалар талқыланған сәтте одақтастар арасында келіспеушіліктер пайда бола бастады. Соның бірі – ауғандық бейбіт реттеу мәселесі.
Бұл келісімшартқа Трамп президент болған шақта қол жетті. Сондықтан билікке қайта келген демократтар бұл құжатты өртеп жіберуден тайынбас еді. Алайда ауған оқиғасы көптен бері тығырыққа тіреліп тұр. АҚШ елден кетуі керек, ол мәміледе де көрсетілген. Бірақ Американың ұлы державалы беделін ескермейтін алдыңғы президентке қарағанда Байден әкімшілігі америкалықтар елден кеткен соң "Талибан" соққысының астында қалуы ықтимал Кабулдағы ұлттық үкіметтің құлдырауына жол бере алмайды. Оқиға дәл осылай өрбуі әбден мүмкін. Себебі тәлібтер соғыс әрекеттерін жандандыруға толыққанды дайындық жүргізіп жатыр.
Оның үстіне логистикалық проблемалардың салдарынан қалған уақыт ішінде Ауғанстандағы он мыңнан астам "натолық" контингентті алып шығу мүмкін емес. Бұл жөнінде Вашингтонның жоғары лауазымды тұлғалары ашық айтып отыр. Осы күрделі жағдайдан америкалықтар барынша аз шығынмен шығу үшін барын салуда. Жалпы Блинкеннің сапары кезінде америкалықтар есепке алмаған тағы бір фактор бар екені анықталды. Бұл – өз одақтастарының, соның ішінде Германияның ұстанымы.
Немістердің наразылығы көп екені анықталды. Еуропа Катардың астанасы Дохада өтіп жатқан ауған билігі мен тәлібтер арасындағы келіссөздерге белсенді қолдау білдіріп келеді. ЕО жағдай күрт өзгеріп, аяқ асты мәмілеге келу мүмкін екеніне сенбейді. Сондықтан Ауғанстанда НАТО-ның әскери миссиясының мерзімін ұзарту керек деп санайды.
Вашингтондағы жаңа әкімшілік Трамптың сыртқы саяси мұрасын жоюға кіріскенін көрген НАТО бойынша одақтастар бұл мәселе Ауғанстанға да қатысты болатынын іштей сезді. Сол себепті Германия бундесвердің операцияларға арналған мандатын күні кеше ғана тағы бір жылға созды.
Дәл осы уақытта АҚШ сәуірде Түркияда басқа бейбіт конференцияны өткізу туралы бастама көтеріп, ол шарада шетелдік әскерді ел аумағынан алып кетуге мүмкіндік беретін келісімге қол қойылуы ықтимал екенін меңзеді. Еуропа бұл жайлы БАҚ-тағы ақпараттан білді де, ашуға булықты.
Трамп өз одақтастарын төмен санап, еш есептеспейтін. Бірақ жаңа әкімшілік те соның әуеніне салып отыр: коммуникация жұмыс істемейді, Вашингтон алдағы қадамдар жайлы өз одақтастарымен ақылдаспақ түгілі оларды құлақдар етпей отыр. Ал олар АҚШ әрекетін "құмалақ тастау" арқылы болжап отыруға мәжбүр.
Сонымен қатар, салыстыру үшін айтсақ, 2011 жылдың 6 маусымында Ауғанстандағы НАТО контингентінің саны 132 мың әскериден асып түссе, оның ішінде 90 мыңға жуығы америкалық сарбаз болды. Яғни АҚШ-тың адами ресурсы басқа елдердікін қоса алғанда үш есе көп болды. Ал қазір бұл жағдай өзгерді. Бұл статистиканы Мәскеу мен Бейжіңнен басқа Анкара мен Берлин де көріп-біліп отырғаны анық. Олардың мазасыздануына да осы себеп.
Сол себепті Блинкен қатысқан кездесу барысында аса өзекті мәселелер талқыланған шақта әр мемлекет өз пікірінде қалып, ұстанымынан бас тартпайтынын жеткізді: Германия "Солтүстік ағын – 2" жобасынан, ал Еуропа сауда серіктестігі туралы Қытаймен арадағы келісімнен бас тартпайды, Түркия Блинкеннің ресейлік С-400 қатысты наразылығына бұл мәселе талқылауға жатпайтынын жеткізді.
Байден әкімшілігі өз қаһарына мінген әріптестерін тәртіпке салатын жаңа құрал іздеп табуы керек. Алайда соңғы уақытта түбегейлі өзгеріске ұшыраған Батыстың ішкі жағдайынан кейін мұндай құралдың бар болуы екіталай.