НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз — Sputnik. Қапшағай тұрғындары серуен кезінде су қоймасының жағалауынан қолданылған мыңдаған шприц, ине және бірреттік инфузиялық жүйе шашылып жатқанын көрді. Енді олар медициналық қалдықты кім тастағанын анықтауға тырысып жатыр.
Мұндай жантүршігерлік "олжа" туралы әлеуметтік желіде жергілікті тұрғын Марианна Шамаева ақпарат таратты.
"Қапшағайлықтар! Бүгін Шығыс шағын ауданындағы жағалаудан адамдар мынадай медициналық қалдық – шприцтер, ине және тағы басқа заттар тауып алды. Осының барлығын суға лақтырған", - деп жазды ол өзінің Instagram парақшасында.
View this post on Instagram
Бұл жабдықтар қандай ауруды емдеу кезінде қолданғаны белгісіз болғандықтан, қауіпті болуы мүмкін екенін айтты.
Ал Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы медициналық қалдықтардың Қапшағай қалалық ауруханасына еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
"Ауруханада медициналық қалдықтар арнайы белгіленген және ылғалға төзімді әрі герметикалық сары ыдысқа жиналады. Олар күн сайын таңғы уақытта қолданыстағы нормаларға сәйкес тиісті бөлмеге орналастырылады. Аурухана жыл сайын арнайы ұйыммен келісімшарт жасайды. Қазір ол мекеме медициналық қалдықтарды аптасына үш рет утилизациялау бойынша қызмет көрсетуде", - деді Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы да осы тектес түсініктеме берді.
"Қала мен ауылды жерлердегі медицина мекемелер бақылауда тұрғанын хабарлаймыз. Ай сайын медицина мекемелері медициналық қалдықтарды утилизациялау бойынша басқармаға есеп жолдайды. Тиісті құжатта қалдықтың салмағы көрсетіледі және оны қабылдап алған ұйымның мөрімен расталады. Медициналық қалдықтарды медицина мекемелерінде үш күннен артық сақтауға тыйым салынады", - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.
Ал Алматы облысының полиция департаменті медициналық қалдықтарды заңсыз тастау фактісі тіркеліп, қазіргі уақытта кінәлілерді анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.