НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз – Sputnik. Қазақстанның үш өңірінде ауа температурасының жоғарылауынан өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды Қазгидромет.
"2021 жылдың 26-28 наурызы аралығында Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарының таулы өзендерінде ауа температурасының жоғарылауы мен қатты жауын-шашынға байланысты су деңгейі көтеріледі деп болжануда", - делінген хабарламада.
20-26 наурызға арналған болжамға сәйкес, Қазақстанның басым бөлігіндегі ауа райына Қара теңізден ығысқан циклон әсер етті. Өңірлерде қар мен жаңбыр түрінде жауын-шашын болды.
Қазгидрометтің мәліметінше, енді ел аумағына Батыс антициклоны ығысады. Соның әсерінен қысқа мерзімге ауа температурасы төмендеп, ауа райы жауын-шашынсыз болады. Ай соңында жылу мен ылғал қоры мол кезекті Жерорта теңізі циклонынан ауа райы құбылып, температуралық фон жоғарылайды.
Одан кейін қар еріп, өзендерде су деңгейі көтеріледі деп болжанып отыр.