НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз — Sputnik. Коронавирусқа қарсы ресейлік "ЭпиВакКорона" вакцинасы үш иммундық қорғаныс қалыптастырады, деп хабарлады Роспотребнадзор. Препараттың жұмыс істеу принципі туралы мәліметтер ведомствоның ресми сайтында жарияланды.
Бұған дейін "Инфекция және иммунитет" журналы 18-60 жас аралығындағы еріктілерге жүргізілген клиникалық тестілеудің бірінші және екінші кезеңдерінің нәтижесін жариялады: екінші дозаны салғаннан кейін 21 күн өткен соң барлық еріктінің ағзасында антиденелер түзілген.
"ЭпиВакКорона" – коронавирусты инфекцияның алдын алу үшін Ресейде әзірленген екінші ("Спутник V" вакцинасынан кейін) препарат. Оның құрамында тірі вирус жоқ және жасанды синтезделген пептидтерді пайдаланудың арқасында иммунитет түзеді.
Сондай-ақ Ресейде коронавирусқа қарсы тағы екі вакцина бар. Олар – Гамалея атындағы орталық әзірлеген "Спутник V" және РҒА Чумаков атындағы орталықта дайындалған "КовиВак".