Қоғам

"7 миллион қазақтың үлесін ұмытпау керек": қоғам қайраткері үкіметке ұсыныс жасады

© Sputnik / Айгюзель Кадир В Астану приехал караван
 В Астану приехал караван - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.03.2021
Жазылу
Ауыт Мұқибектің айтуынша, карантин бітіп шекара ашылса, қазақ көшінің екінші алтын дәуірі туайын деп тұр

НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз — Sputnik. Қазақстанда жер шетелдіктерге сатылмайды және жалға берілмейді. Бүгінде осы норманы заңды түрде бекіту үшін арнайы заң жобасы әзірленіп, шұғыл түрде мәжілістің қарауына енгізілді. Қандастарға қатысты өзгерістер де бар. Олар алдымен Қазақстан азаматтығын алуы шарт. Содан кейін ғана өздеріне қажетті жер телімдерін алып, игеруге құқығы болады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген қоғам қайраткері, Қазақстан президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек жаңа норманы енгізудің себебін түсіндірді. Осы мәселеге қатысты өз ұсынысын да жасады.

Заңда біраз жеңілдік бар

Қазіргі заңнамада қандастар үшін біраз әлеуметтік жеңілдіктер, соның ішінде ішінде жер учаскелерін пайдалану құқығы да қарастырылған. Мысалы, Жер кодексінде "Қандастарға жер учаскелерін беру" деген арнайы 46-бап бар. Оған төрт норма кіреді.

"Қолданыстағы заң бойынша қазақстандықтарға жер учаскелері конкурс немесе аукциондар арқылы беріледі. Ал қандастарымызға ондай шарттар қолданылмайды, жерді бірден ала береді. Сондай-ақ 100-бапта қандастардың шаруашылық немесе фермерлік қожалығы, тіпті ауыл шаруашылығы өндiрiсiне байланысты өзге де қызметтi жүргiзуi үшiн арнайы жер қорынан бiрiншi кезекте жер учаскесiн алуға құқығы бар деп жазылған. Ал 37-бапта қандастарға – 25 жылға дейінгі мерзімге берілетіні көрсетілген. Әрине, бұл – үлкен қамқорлық", – дейді Мұқибек.

Оқи отырыңыз: Жер комиссиясының құрамы жарияланды

Жер кодексіне сәйкес, қандастар Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін жерді жеке меншікке де аудара алады. Ал қазіргі шектеудің негізгі себебі мынада, шетелден келетін қандастарымыз азаматтықты уақытында алмай, ұзақ уақыт жүріп алады. Бұрын Қазақстан азаматтығы жеті жылдың ішінде берілсе, қазір бір жылда рәсімделеді. Дегенмен, төлқұжатты алуға асықпайтындар бар.

Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін кейбір елдерге бару үшін виза алу керек. Әсіресе, Қытайдан оралып, Қазақстан азаматтығын алған қазақтар үшін Қытай визасын алу өте қиын. Одан бөлек, материалдық құндылықтар алға озып кететін жағдай тағы бар, шетелдегі тұрмысты Қазақстаннан артық көрді.

"Сол себепті, кейбір қандастарымыз азаматтықты алуға асықпады. Ықтиярхатпен жүре тұрғанды жөн көрді. Міне, "қандас" деген мәртебе мерзімінің қысқаруы шеттен оралған қазақтардың Қазақстан азаматтығын алуын барынша тездетті. Бұл өте дұрыс шешім болды", – деп атап көрсетті Мұқибек.

Шетелден келген қазақтар "қандас" мәртебесін алса да, шетелдік болып қала береді. Ал жер шетелдіктерге сатылмайды және жалға берілмейді.

"Сол себепті жаңа заң жобасында тек "босалқы жерден уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады" деген норма ғана күшінде қалды, қалған басым бөлігін алып тастапты. Бірақ оған бола қандастарымыз жерсіз қалмайды. Бұл шешімді өз басым қолдаймын. Бәрібір қандастарымыз бір жылдың ішінде жер телімін алып үлгермейді. Бұл өзгерісті басқа бағытқа бұрып, шу шығарудың қажеті жоқ. Мәселенің тағы бір жағы бар, есесіне соны қатаң ескерген жөн", – деді Мұқибек.

Қазақ көшінің екінші алтын дәуірі...

Ауыт Мұқибектің айтуынша, бұрын шетелдегі қандастардың саны 5 миллион деген болжам болған. Ал соңғы зерттеулер аясында 7 миллионнан асқаны туралы айтыла бастады. Бұрын олар шетелде өздерін жұмақта жүргендей сезінетін. "Жағдайымыз жақсы, күндердің күнінде зейнетке шыққаннан кейін барамыз" деген қиялмен жүрді.

Қазір жағдай мүлдем басқаша. Шығыстағы көршімізде жүргізілген "терроризммен, экстремизммен күрес" шеттегі қазақтардың Атажұртқа деген көзқарасын 180 градусқа бұрып жіберді, түбегейлі өзгертті. Қысқасы, қазақтар үшін кешегі "ұжмақ" деп жүрген мемлекеттер бүгін тозақ болып жатыр. Карантин бітіп, шекара ашылса, олар көшіп келуге дайын отыр. Сондықтан енді қазақ көшінің екінші алтын дәуірі туайын деп тұр. Бірте-бірте барлық елдердегі қазақтар Қазақстанға ағылады", – дейді қандастар құқығын қорғаушы.

Осы орайда сарапшы қандастарға жер беру мәселесіне қатысты өз ұсынысын да айтты.

"Мен жердің мәселесі қалай шешілетінін білмеймін. Комиссия қандай ұсыныс жасайды? Парламент қалай шешеді? Оны қазір айта алмаймын. Дегенмен, қалай болса да, жер қазақстандықтарға жеке меншікке немесе жалға беріледі. Өйткені жер бос жатпауы керек. Бірақ жерге қатысты шешім шығарғанда, шетелдегі 7 миллион қазақтың үлесі сөзсіз ескерілуі керек", – деді Мұқибек.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде жермен айналысып отырған, сол арқылы шаруашылықты шалқыта білген азаматтардың басым бөлігі тәуелсіздік жылдары көшіп келген қандастар. Келесі келетіндердің де көп бөлігі жер емшегін еметіндер. Олардың үлесін жер қорында міндетті түрде ұстап отырған дұрыс. Қазір жердің бәрін таратып жіберсек, ертең қандастар келгенде жерсіз қалады. Тәуелсіз Қазақстан барша қазақтың атбайлар қара шаңырағы екенін ұмытуға болмайды. Заң осы талапқа жауап беретін болуы тиіс.

"Жер комиссиясына қандастар да қоссылсын"

Қоғам қайраткері жер комиссиясының құрамына қандастардың атынан да бір-екі адамды кіргізу керек деп санайды. Себебі олардың жер реформасы бойынша тәжірибесі мол.

Қазақстанға осы кезге дейін 1 миллион 73 мыңға жуық қазақ көшіп келді. Келемін деп отырған 7 миллион қазақ тұр. Бәрі келмесе де, алғашқы адымда оның екі-үш миллионы бірден сау ете түсуі мүмкін.

"Соны ескеріп, жер комиссиясының құрамына шетелден келген қазақтардан да бір-екі маманды қосу керек еді. Олардың да айтары бар. Әлі де кеш емес, қатып қалған ештеңе жоқ қой. Қандастар шетелдің жер саясаты жағындағы тәжірибесін де жақсы біледі. Мысалы, Қытайдың жер реформасы мықты. Батыстың тәжірибесі бар. Біз соның тиімді жақтарын алуымыз қажет", – деп атап көрсетті Ауыт Мұқибек.

Жаңалықтар
0