Өңірлер

Алматылықтарға сауда үйлері мен базарларда вакцинация жасалады

© Sputnik / Владислав Воднев Карагандинский фармацевтический комплекс (КФК)
 Карагандинский фармацевтический комплекс (КФК) - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.03.2021
Жазылу
Ақпанда қалаға вакцинаның 1 750 дозасы жеткізілді. Наурызда 10 800 доза келді, кейін қосымша 16 200 доза жеткізілді

АЛМАТЫ, 25 наурыз – Sputnik. Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Лаура Мырзағали қалада үлкен сауда үйлері мен базарларда екпе кабинеттері ашылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Алматы қаласы бойынша коронавирусқа байланысты ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. 20-24 наурыз аралығында жағдайды бақылауда ұстау үшін денсаулық сақтау басқармасында штаб құрылды. Штаб коронавирус жұқтырған науқастардың дер кезінде ем алуы және қалалық ауруханалар мен стационарлар дұрыс жұмыс істеуі бағытында жұмыс атқарды. Қазір қалада жағдай жаман емес. Алматы қаласы әкімдігімен бірге қабылданған жоспар іске асып жатыр", - деді Алматы қаласы телемедицина орталығының директоры Лаура Мырзағали.

Оның сөзінше, ақпанда қалаға вакцинаның 1 750 дозасы жеткізілді. Наурызда 10 800 доза келді. Осы айда қосымша 16 200 доза жеткізілді. Маманның айтуынша, вакциналау жақсы өтті. Өлім-жітім тіркелген жоқ.

"Қазір қалада вакцина салатын 35 екпе кабинеті жұмыс істеп тұр. Вакцина алатын адамдарды қарбалас жағдайға түсірмес үшін тағы 15 кабинетті дайындап жатырмыз. Олар жеке медициналық орталықтарда ашылады. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша үлкен сауда үйлері мен үлкен базарларда халыққа шығамыз. Вакцина салатын кабинеттерді ұйымдастырып, сол жерде вакцина салуға дайындалып жатырмыз. Бұл мәселе пысықталуда", - деді ол.

Енді сәуір-мамырда 65 200 дозадан, маусымда 67 мың доза жеткізіледі.

Жаңалықтар
0