Америка билігі пандемиямен күреске өте көп қаражат жұмсады. Бірақ бюджеттегі ақша жетпей, нарықтағы қаражатты тартуға тура келді. Нәтижесінде мемлекеттік қарыз 28 триллион долларға жетіп, АҚШ-тың жалпы ішкі өнімінен асып түсті, деп жазады РИА Новости.
2008 жылғы дағдарыстан бері АҚШ қарызға белшесінен батып келеді. Обама кезінде берешек міндеттемелер тоғыз триллионға артты. Ал Трамп кезінде ол тағы жеті триллионға ұлғайды. 2018 жылы ЖІӨ 78%-ін құрады. Бұл деңгейді Дүниежүзілік банк қауіпті деп атайды.
Болжам бойынша, мемлекеттік қарыз АҚШ экономикасынан тоғыз жылдан кейін ғана артуы тиіс еді. Бірақ пандемия мен ұлттық шаруашылықты қолдауға бағытталған үлкен шығындар салдарынан бұл жағдай біршама ерте туындады. Тәуелсіз есептеулер бойынша өткен жылы билік экономикаға тоғыз триллион долларға жуық қаражат жұмсаған.
Нәтижесі міне: мемлекеттік қарыз 28 триллион долларға немесе ЖІӨ 101%-іне жетті. Мұндай жағдай Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін – 1946 жылы болып, көрсеткіш 106% деңгейіне жеткен болатын.
Федералдық резерв басшысы Джером Пауэлл мұны үлкен проблема деп санамаса керек. Ол үлкен берешек пандемия кезіндегі экономикалық дағдарыстан өтуге ықпал еткен көпір іспеттес болғанын айтты. Оның ойынша, арзан кредиттер жұмысшыларға жалақы төлеуге, жұмыстан қысқартылғандар үшін жәрдемақы төлеуге көмектескен.
Алайда қаржы министрлігінің экс-басшысы Ларри Саммерстің ойынша ынталандыру шамадан тыс деңгейде болған.
"Саясаткерлер коронавируспен күресті әскери шығындарға теңестіріп, экономикаға триллиондаған қаражат салды. Ал құлдыраған бюджет ешкімді алаңдатпай отыр", – дейді ол.
Қазынаны толтыру бойынша жағдай мәз болмағандықтан тағы да қарыз алуға тура келді: бюджеттің қомақты тапшылығы негізінен мемлекеттік облигацияларды сатып алу есебінен жабылып жатыр.
30 қыркүйекте аяқталған 2020 жылғы қаржылық тапшылық үш есеге жуық – 3,1 триллион долларға артты. Коронавирусқа қарсы барлық шараны есептеген кезде бұл төрт триллионға жетуі ықтимал. Жаңадан қарыз алмасқа тағы болмайды.
Федералдық бюджетке жауапты комитеттің бағалауы бойынша пандемиядан кейін экономика баяу қалыпқа келетін болса 2025 жылға қарай қарыз ЖІӨ 117% болады. Әзірше бұл жағдай инвесторларды алаңдатып отырған жоқ және АҚШ-тың қарызға белшесінен батуына кедергі емес.
"Ақша жай беріліп жатқандай. Бірақ бұл түк те олай емес. Оны қайтару керек болады", – дейді конгрессмен.
JP Morgan Asset Management түсіндіргендей, қарыздың өзі емес, оған қызмет көрсету құны маңызды.
"Күрт өсімге қарамастан қазір берешек міндеттемелеріне қызмет көрсету 1990–2000 жылдармен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Ол кезде қарыз ЖІӨ 50%-інен төмен болып, үкімет бюджет тапшылығын көрген жоқ", – дейді банк сарапшылары.
Егер мөлшерлеме қымбаттайтын болса, онда ЖІӨ-ге қатысты таза проценттік төлемдер қазіргі 1,3%-тен 3,2%-ке дейін артады. Онда бұл мүлде басқа жағдай болады. Кейбір есептеулер бойынша 2028 жылға қарай америкалықтар қарыз бойынша проценттердің өзіне мемлекеттік бюджеттің бестен бір бөлігін жұмсайды.
Сонымен қатар АҚШ-тың мемлекеттік қарызының жартысына жуығы шетелдік инвесторларға тиесілі. Кредит берушілер арасында Қытай екінші орында тұр. Бейжің 1,1 триллион долларды құрайтын қазынашылық облигацияларға ие және оларды сатамын деп қорқытудан жалығар емес. Егер мұндай жағдай бола қалса, Федералдық резерв төмен мөлшерлеме мен қарызға қызмет көрсетудің төмен бағасын сақтау үшін бағалы қағаздарды нарықтан сатып алады. Алайда оның әсері ұзаққа созылмайды.
Ерте ме, кеш пе, АҚШ-тың қарызды қайтаруға қауқарсыз екеніне көзі жеткен инвесторлар бағалы қағаздарды жоғары проценттік мөлшерлемемен сатуға кіріседі. Ал оның экономикалық салдары ауыр болады.
Мөлшерлемені қымбаттату өтелмеген мемлекеттік облигациялардың нарықтағы бағасын төмендетеді. Нәтижесінде бірқатар қаржы мекемесі шығынға ұшырайды. Одан кейін банкротқа ұшырау белең алып, кезекті қаржы дағдарысы басталады.