НҰР-СҰЛТАН, 22 наурыз — Sputnik. Бұған дейін 2020 жылдың көлік салығын төлеу мерзімі өзгерген болатын. Оны биыл 1 сәуірге дейін төлеу керек. Ал салық уақытында аударылмаса, өсімақы жүреді. Артынан сот орындаушылары хабарласып, мазаны ала бастайды. Sputnik Қазақстан көлік салығы бойынша маңызды 10 сұрақтың жауабын ұсынады.
1. Көлік салығына қатысты ақпаратты қайдан табуға болады?
Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында https://kgd.gov.kz/kk "Электрондық қызметтер" деген бөлім бар. Сол жерде салық берешегіне қатысты ақпаратты табуға болады. Бұдан бөлек, "E-SalyqAzamat" мобильді қосымшасын жүктеп, қажетті мәліметті көруге мүмкіндік бар. Бірақ ұялы телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында (ХҚКО-да) ЖСН-ге тіркеліп тұруы қажет. Оны қауіпсіздік үшін жасаған. Бірақ кей кезде мобильді қосымша дұрыс істемей қалады. Оның орнына "Электронды үкімет" порталын қолдануға болады. Сондай-ақ, Kaspi.kz, Homebank сияқты мобильді қосымшалардан салықты көруге мүмкіндік бар. Ал қандай да бір сұрақтар болса, "1414" нөміріне (сосын "4"-ті басу керек) қоңырау шалып, оператордан барлығын сұрап алыңыз.
2. Көлік салығы қалай есептейді?
Көлік салығы айлық есептік көрсеткіш негізінде есептеледі. Биыл АЕК-тің мөлшері өсті. Алайда көлік салығы 2020 жылға төленеді. Сондықтан өткен жылдың есептік көрсеткішін пайдалану қажет. Оның мөлшері – 2 651 теңге. Тәртіп бойынша салық қозғалтқыштың көлеміне қарай төленеді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында арнайы калькулятор бар. Соның көмегімен көлік салығын есептеп шығаруға болады.
3. Қозғалтқыштың көлемі үлкен көліктер үшін салықтың мөлшері қандай?
Егер жеңіл көлік Қазақстанда 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін құрастырылса, я болмаса, осы уақыттан кейін республика аумағына әкелінсе, онда салық қозғалтқыштың көлеміне қарай есептеледі.
- 3 000-3 200 текше сантиметр — 35 АЕК;
- 3 200-3 500 текше сантиметр — 46 АЕК;
- 3 500-4 000 текше сантиметр — 66 АЕК;
- 4 000-5 000 текше сантиметр — 130 АЕК;
- 5 000 текше сантиметрден жоғары — 200 АЕК.
4. Жеке тұлға көлік салығын қайда төлейді?
Көлік салығы жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша салық басқармасына төленеді. Оны қолма-қол ақшамен кез келген банк бөлімшесінде, я болмаса, төлем терминалында жасауға болады. Бұдан бөлек, банкоматтар мен мобильді қосымшалар арқылы салықты төлеуге мүмкіндік бар.
5. Салықты төлеу үшін қандай реквизиттер керек?
Көлік салығының реквизиттері: БСК коды - 104402, СТК коды -911; пайыздық мәліметтер: СТК коды – 912.
6. Көлік салығын төлемесе, не болады?
Салық уақытында төленбесе, қарызды мәжбүрлеп өндіріп алады. Барлық материал сот орындаушыларға жіберіледі. Ондайда өсімпұлды төлеуге, оған қоса, сот орындаушыларының қызметіне де ақша шығаруға тура келеді.
7. Салықтың мөлшері жыл сайын өсіп келеді. Оның себебі неде?
Салықтың мөлшері айлық есептік көрсеткішке байланысты. Мәселен, былтыр 1 АЕК-тің көлемі 2 651 теңге болған. Биыл ол 2 917 теңгеге дейін көтерілді. Сол себепті көлік салығы жыл сайын өсіп отырады.
8. Адамның атында көлік жоқ, бірақ салық шығып тұрса, не істеу керек?
Салық ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті ұсынған мәліметтер негізінде есептеледі. Автокөлік болмаған жағдайда тиісті анықтаманы алып, мемлекеттік кірістер департаментіне тапсыру қажет. Сонда дұрыс есептелмеген көлік салығын алып тастайды.
9. Мүгедек адамның қозғалтқыш сыйымдылығы үлкен автокөлігі болған жағдайда қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Осы санаттағы азаматтар бір ғана көлік құралы үшін салықтан босатылады. Дегенмен қозғалтқышының сыйымдылығы 4000 текше сантиметрден жоғары болса, жеңілдік жасалмайды. Осы орайда маңызды бір мәселені атап өткен жөн, егер қозғалтқышының сыйымдылығы 4000 текше сантиметрден жоғары жеңіл автокөлік 2013 жылдың 31 желтоқсанына дейін уәкілетті мемлекеттік органда тіркелсе және тіркелген уақыттан бастап көлік құралының иесі өзгермесе, онда көлік құралының иесі салық төлеуден босатылады.
10. Мүгедектерден бөлек көлік салығынан кімдер босатылады?
Салық кодексінің 490-бабы, 3-тармағына сәйкес, бірнеше санатқа кіретін адамдар көлік салығынан босатылады. Олар:
- белгілеген тізбеге енгізілген ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін шаруалар мен фермерлер, сондай-ақ, оларға тиесілі қозғалтқышының көлемі 2500 текше сантиметрге дейін қоса алғанда бір жеңіл автомобильге және қозғалтқышының шекті жиынтық қуаты егіндіктің 1000 гектарына 1000 кВт мөлшеріндегі жүк көліктеріне де жеңілдік жасалады;
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген азаматтар мен тыл еңбеккерлері;
- Кеңес Одағының батырлары мен Социалистiк Еңбек ерлерi;
- "Халық қаhарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденiмен және "Отан" орденiмен наградталған адамдар;
- "Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқа" не "Күмiс алқамен" наградталған көпбалалы аналар.
Барлығына тек бір автөліктің салығы бойынша жеңілдік жасалады.