НҰР-СҰЛТАН, 21 наурыз — Sputnik. Коронавирусқа шалдыққандар саны арта берсе, төсек орны жетіспеуі мүмкін. Қазіргі уақытта олардың 63 проценті толық, деп хабарлады астаналық әкімдік.
Бүгінгі таңда COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеуге арналған реанимациялық және инфекциялық төсек-орындары толып жатыр. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Күн сайынғы жиналыста қаланың бас дәрігерлері елордадағы КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдайды талқылайды. Елордада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының өсуіне байланысты стационарларда қосымша төсек-орындар ашылатын болады.
"Қалада тәулігіне 300-ге тарта вирус жұқтыру тіркеледі. Қазіргі уақытта стационарларда 451 адам емделіп жатыр. Азаматтар санитарлық нормаларды сақтамайтын болса, жұмсалатын ресурстардың бәрі жетпейді. Осылай жалғаса берсе, біз коронавирустың үшінші толқынына тап болуымыз мүмкін", - деді Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Басқармада қазіргі уақытта №3 көпбейінді балалар ауруханасында төсектер орналастырылғанын және мерекеден кейін эпидемиологиялық жағдайға байланысты науқастар травматология ғылыми-зерттеу институтына орналастырылатынын атап өтті.
Елордалық дәрігерлердің айтуынша, науқастардың өсуі азаматтардың алдын алу шараларын сақтамауынан болып отыр. Инфекцияның өсуі наурыз айының алғашқы мерекелерінен кейін болып отыр. Қала тұрғындары 8 наурыз мейрамын тойлау кезінде жұрт көп жиналатын орындарда маска режимін сақтамаған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы азаматтарға алдағы Наурыз мейрамында қонақ шақырып, қонаққа барудан бас тартуды ұсынды.