НҰР-СҰЛТАН, 20 наурыз – Sputnik. АҚШ президенті Джо Байден ұшаққа басқышпен көтеріліп бара жатқанда үш рет сүрініп, соңғысында тізерлеп отырып қалды.
Бұл видеоны президент пулының журналистері Желіде жариялады. Онда Байденнің ұшақ басқышымен жылдам көтеріліп бара жатқанын көруге болады, алайда бір кезде ол сүрініп кетеді, содан кейін бұл жағдай қайталанады, ал үшінші рет сүрінгенде тізерлеп отырып қалады. Дегенмен президент ешкімнің көмегінсіз тұрып кетеді.
Ақ үй бұл оқиғаны қатты желмен байланыстыра түсіндірді. Баспасөз қызметінің өкілі Карин Жан-Пьер сол күні өте қатты жел соққаннын, өзі де "құлап кете жаздағанын" мәлімдеді. Ол Байденнің денсаулығы жақсы екенін айтты. Алайда оған жұрттың бәрі бірдей сенген жоқ.
АҚШ-тың бұрынғы басшысының ұлы, кіші Дональд Трамп президент Джо Байденнің қатты желдің әсерінен үш рет сүрінгеніне күмәнданды.
Кіші Трамп Twitter-де желдің жылдамдығы секундына 6 метр болғанын дәлелдейтін скриншотты көрсетті. Америкалық метеорологиялық қызметтің мәліметінше, мұндай жел "шаң мен қағазды ғана ұшырып, кішкентай бұтақтарды қимылдатады". Трамптың ұлы өзінің жазбасында "президенттің денсаулығы өте жақсы" деп мысқылдады. Ал оған пікір білдірген оқырмандар Байденнің АҚШ президенті лауазымында қалатынына күмән келтірді.