НҰР-СҰЛТАН, 20 наурыз – Sputnik. Желіде Алматыда отыз төрт мектепке "мина қойған" жалған террористің хаты пайда болды, деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы".
Жалған террорист хатты 19 наурызға қараған түні Алматыдағы 34 мектептің басшыларына жолдаған. Қаскөй өзін Азиз Сафаров тобының жетекшісі ретінде таныстырды:
"Сәлеметсіз бе, менің атым Азиз Сафаров. Бірақ қазір бұл жайлы емес, сіздің оқу мекемеңізге жарылғыш зат қойылды, ол 15.00-де іске қосылады. Балалардың өмірін құтқарғыңыз келе ме? Мархабат!".
Ол телефон балансына 500 мың жіберуді талап еткен. Алайда ақшаны қандай валютада салу керек екенін нақтыламапты.
"Егер менің талаптарым орындалмаса, мектептің күлі көкке ұшады, ал бүлдіршіндердің мәйіті үйінді астында жатады. Уақыт шектеулі, бәрі сіздердің қолдарыңызда", - деген жалған террорист.
Тағы оқыңыз: Алматыда белгісіз біреу "миналаған" мектеп саны 34-ке жетті
Құқық қорғау органдары күдіктіні әлі ұстаған жоқ.
"Лаңкестің" телеграм каналы биыл 9 наурызда ашылған. Онда 16 наурызда автормен байланысу үшін сілтеме көрсетілген бір ғана пост жарияланған. Электронды поштада "terrorist" деген сөз бар.
Негізгі Telegram-каналында да "20.03.2021" хабарламасымен тек бір ғана жазба тұр.
Sputnik Қазақстан оқиғаның мән-жайын білу үшін Алматының полиция департаментіне хабарласты. Баспасөз қызметі қылмыскер әлі іздестіріліп жатқанын атап өтті.
"Жедел іздестіру шараларының басқа мән-жайы жария етілмейді", - деп мәлімдеді департаменттегілер.
19 наурыз таңертең белгісіз біреудің Алматыда 12 мектепке мина қойғаны хабарланды. Кейінірек мектептер саны отыз төртке жетті. Алматы полициясының саперлері барлық оқу орнын тексере бастады. Балалар қауіпсіз жерге эвакуацияланды.
Алайда мектептерден жарылғыш зат табылған жоқ. Күдіктіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.