НҰР-СҰЛТАН, 19 наурыз – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті ішкі істер министрлігімен бірлесіп аса қауіпті трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды ҰҚК сайты.
11 ақпанда Ақтөбеде жүргізілген арнайы операцияға "А" арнайы мақсаттағы қызмет те тартылды.
"Тексеру барысында 2020 жылы қазан-қарашада қаскөйлер Ақтөбеге Қазақстан мен Беларусь кәсіпкерлерін алдап шақырып, психологиялық және күшпен қысым көрсету арқылы бизнесмендердің 87 миллион теңгесін иемденгені анықталды", - делінген хабарламада.
ҰҚК ақпаратынша, арнайы операция кезінде бес адам ұсталды. Топ жетекшісі – Қазақстан азаматы, қалған төртеуі – Ресей азаматтары.
Тағы оқыңыз: ҰҚК бірнеше қалада арнайы операция жүргізді – видео
Тінту барысында қылмыстық топтан 3 Калашников автоматы, электршокерлер, бетперделер, банк карталары, ұялы телефондар мен қылмыс жасаудың басқа да құралдары табылып, тәркіленді.
Трансұлттық қылмыстық топ мүшелеріне қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 264-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.