НҰР-СҰЛТАН, 19 наурыз — Sputnik. Алматылық полиция белгісіз біреудің "бірнеше мектепті жарып жіберемін" деген хабарламасына қатысты түсініктеме берді. Қазір саперлер барлық 34 мектеп ғимаратын тексеріп шықты.
"Саперлер бөлімшесі 34 мектепті тексеруді тәмамдады. Жарылғыш заттар табылған жоқ", - деді полицияда.
Ведомство хабарламасына сәйкес, күдіктіні іздеу әлі де жалғасуда.
Еске салсақ, түнде белгісіз біреу мектептердің электронды поштасына ақша бермеген жағдайда білім ордасын жарып жіберетіні туралы хабарлама жолдаған.
Таңертең мұндай хабарлама 12 мектепке жіберілгені туралы мәлім болды. Ал қазір олардың саны 34-ке жетті, деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.