Қоғам

Экологиялық апат: Шымкентте жұрт жаппай уланып жатыр

© AFP 2024 / Stephen ShaverМұрнын тұмшалаған әйел, архивтегі сурет
Мұрнын тұмшалаған әйел, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.03.2021
Жазылу
Оқиға орнына шұғыл жеткен қала әкімі Мұрат Әйтенов жиналғандарға мәселе қысқа уақыт ішінде шешілетінін айтып сендірді

НҰР-СҰЛТАН, 19 наурыз – Sputnik. Шымкентте жұрт жаппай белгісіз иістен уланып жатыр. Басы айналып лоқсыған бірнеше тұрғындар ауруханаға жеткізілді. Тіпті, бір мектептің мұғалімдері мен оқушылары уланып білім ордасы онлайға жіберілді. КТК арнасының хабарлауынша, қала сыртындағы индустриялды аймақтан келіп жатқан кәріз жүйесіне өндіріс ошақтарының бірінен мұнай қалдығы төгілгендіктен осындай жағдай орын алған.

Ауаға таралған зиянды қалдықтың көлемі 10 есеге артқан. Қазір оқиға орнында экологтар жұмыс істеуде. Алайда тұрғындарды тұншықтырған иістің әлі басылар түрі жоқ.

Шымкенттің күнгей бетінде үш күннен бері мұндай көрініс қалыпты жағдайға айналып барады. Қолқаны қапқан жағымсыз иістен тұрғындар басы айналып құсып жатыр. Үш күн бұрын жағымсыз иіс көшені басып қалған. Ал екі күннен бері амалсыз онлайнға көшкен мектеп кеше ашылған. Бірақ оқушылар таңертеңнен бері жүрегі айнып құлай бастапты. Қазір улы иіс жайлаған мектеп қаңырап бос тұр.

"Үш оқушы мен екі мұғалімнің басы айналды. Жедел жәрдем келіп, басқа да қызметкерлерге оттегімен көмек беріп жатыр. Жаңа зертханадан анализ алды. СЭС зертханасының талдауы дайын болмайынша, толық онлайнға көшуге мәжбүрміз", – дейді №37 мектептің директоры Гаухар Байбосынова.

Халыққа қызмет көрсету орталығы кешеден бері жұмыс істемей тұр. Үшінші күн тұншығып жатқан тұрғындар улы иістің көше түгілі, үйді алып кеткенін айтады. Көпшілігі кішкентай балаларын қаланың өзге тұсындағы туыстарына жіберген. Мұнда жұрт жаппай жедел жәрдем шақыртуға мәжбүр.

"Құсып жатыр, тұншығып жатыр. Енді қайтеміз? Түсініксіз иіс. Тіпті түсіндіре алмаймын, көмейім бітеліп тұрғандай. Таңнан бері дексиметазонның үш құтысын алдым", – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Азиза Әбдірахманова.

Кәріз жүйесіне мұнай қалдығы төгілген

Әуелде мамандар құбырдан газ кетіп жатыр деп топшылаған. Тексере келе улы иістің газ құбырынан емес, кәріз жүйесінен шығып жатқаны анықталды. Ол кәріз жүйесі қала сыртындағы индустриялық аймақтан бастау алып жатыр.

Шымкент шетіндегі индустрия аймағында үлкенді-кішілі 50-ден астам кәсіпорын бар. Бұл аймақтан шойын жол өтеді. Мамандардың есебінше, шойын жолдағы цистерналардың бірінен, не кәсіпорыннан әлдебіреу іргедегі кәріз жүйесіне мұнай қалдығын төгіп жіберген. Бірақ нақты кім екені әлі тексеріліп жатыр.

Кәріз жүйесінде ағып жатқан сарқын судың тым майлы екені көрініп тұр. Өйткені, кәріз қақпағын ашсаң, улы иіске тұншығасың. Сынама алған экологтар табиғатқа орасан зиян келіп жатқанын айтады.

"Зертхана сынамаларының нәтижесінде 0,3 болуы керек, ал 14,6 көрсетіп тұр. Зияндығы 10 есе артқан", – деді Шымкент қаласы экология департаментінің бас маманы Мұхамеджан Тойшыбеков.

Экологиялық апат болуы мүмкін…

Сорақысы сол, химиялық қоспа кәріз құбырларымен қаланың нәжісін тазалайтын қондырғыға құйылып жатыр. Егер ол істен шықса, шайынды судағы улы газды тазалайтын бактериялар өліп, нағыз экологиялық апат болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Шымкентте үш жасар бала бензин ішіп қойды: дәрігерлер жағдайын айтты

Жұрт шулаған жерге қала әкімі де жетті. Шымкенттің шенді-шекпендісін мектеп ауласына жинаған әкім не тұрғындарды, не тілшілерді жиналысына жолатқан жоқ. Мұрат Әйтенов мәселе қысқа уақытта мәселе шешіледі деп сендірді. Ал бұл уақытта жедел жәрдем көлігі тұншыққан тұрғындарды әлі де әкетіп жатты.

Жаңалықтар
0