Ресей АҚШ президентінің РФ көшбасшысы Владимир Путинге қатысты білдірген пікіріне таңданып жатқан кезде, Америка Джо Байден журналистер үшін өткізетін баспасөз конференциясының мерзімін белгіледі. Ақ үй бұл шараны 25 наурыз күні өткізуді ұйғарыпты.
Соңғы уақытта Вашингтон баспасөз конференциясына аса үлкен мән беріп келеді. АҚШ-та бұрыннан қалыптасқан дәстүр бар: жаңа сайланған президент қызметіне кіріскеннен кейін шамамен бір ай өткен соң өз баспасөз конференциясын өткізеді. Мысалы, Барак Обама журналистермен президенттік қызметінің 20-шы күні кездессе, Дональд Трамп – 27-ші күні. Бұл мәселеде кері рекорд орнатқан Джорд Буш. Ол 33 күн бойы бұл шараны кейінге қалдырып келген, деп жазады РИА Новости.
Ал белгіленген мерзім өзгеріп кетпесе, Джо Байден ел билігін қолына алған 64-ші күні журналистердің алдына шыққалы тұр. Жалпы ұлттық көшбасшыға оң көзқараспен қарайтын медианың өзі оның журналистермен қарым-қатынасына наразылық білдіріп отыр. Өткен аптада ғана тағы бір оқыс оқиға болды. Вашингтондағы шаруашылық дүкенде болған Джо Байден журналистердің сұрақтарына жауап бермек болғанда Америка президентінің көмекшілері оған жақ ашқызбады.
Мұндай әрекеттер Ақ үй басшысының өз бетінше пікір білдіру қабілетіне қатысты күмән тудырып, төртінші билік иелерінің титығына тиетіні заңдылық. Себебі, Джо Байден жаһандық маңызы бар және өзекті сұрақтарға кеңінен жауап беруге жарамды екенін әлі дәлелдеген емес. АҚШ президентінің америкалық ABC News телеарнасына берген сұқбаты БАҚ күдігін үдетіп тұр.
"Сіз оны "кісі өлтіруші" деп санайсыз ба?" деген журналист сұрағына Джо Байден "Ммм, иә" деп қана қысқа қайырған болатын.
Ресейлік БАҚ Америка президентімен сұқбаттасқан журналистің есімін көп жағдайда атамай, ескерусіз қалдырды. Негізінде бұл танымал тұлға.
Джордж Стефанопулос – Америка және әлемдік саяси журналистикадағы танымал жұлдыздардың бірі. 2019 жылы Шығыс экономикалық форумда Ресей, Үндістан және Жапония президенттері қатысатын сессияны дәл осы Стефанопулос жүргізуі тиіс еді. Алайда соңғы сәтте оның Владивостокқа келе алмайтыны мәлім болды.
Сондай-ақ бұл журналист Америкадағы ең ықпалды туыстық қауым – Клинтондарға жақындығымен де танымал. Стефанопулос 1992 жылы Билл Клинтонның президенттік науқанында коммуникация жөніндегі директор болды. Содан кейін оның бірінші әкімшілігінде маңызды қызметтер атқарды. 1990 жылдардың екінші жартысында ол журналистика саласына кеткенімен оның ең ықпалды саяси отбасымен байланысы үзілген жоқ.
2010 жылы журналист Клинтондар қорына қайырымдылық қаражат (жалпы 75 мың доллар) жолдауына байланысты үлкен дау шықты. Стефанопулос жұмыс берушісі ретінде ABC News телеарнасының басшылығын бұл жайында ескертпеген. Кейінірек шу басылып, телеарна бұл мәселені "келеңсіздік әрі түсінбестік" деп жылы жаба салғанымен, журналистің беделіне үлкен нұқсан келді. Республикалық партия оған қатысты сенімсіздік танытып, оған президенттік пікірсайыстарда модератор болуға тыйым салды.
Жалпы АҚШ-тың демократиялық партиясында ішкі текетірес көп. Сондықтан Стефанопулос Джо Байденге мұндай сұрақ қойған кезде нені көздегенін болжап білу мүмкін емес. Бәлкім, бұл кезекті шуға айналатын "өзекті" материал алуға бағытталған медиа ойын болар.