НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Таразда бірінші топ мүгедектері мен олардың жеке күтушілері мемлекеттен берілетін төлемақыны жыл басынан бері алмағанын айтып шағымданды. Арзымайтын ақыға жан бағу оңай болмай жатқанын алға тартқан олар ай сайын берілетін 20 мың теңге жыртыққа жамау болмай тұр дейді.
Бұл мәселенің түйінін тарқатуға "Жамбыл – адалдық алаңы" ұйымы араласты, деп хабарлайды astanatv.kz.
Әділдік іздеп кеңсеге келгендердің өздігінен жүріп-тұруы қиын. Олардың бірі жанарынан, енді бірі есту қабілетінен айрылғандар. Сондықтан да жанында әркез жақындары жүреді.
"Менің әкем құлағы естімейді, көзі мүлде көрмейді. Анам да мүгедек. Алатын 20 мың теңге ештеңеге жетпеген соң оларды үйде қалдырып, көше кезіп такси жүргізуші болып қосымша жұмыс істеймін. Алматыда 80 мың теңге алады екен күтушілер. Ал бізге 20 мың теңге береді. Сонда бұлар қалай есептейді?", – дейді қаңтардан бері ақша төлемей отырған шенділердің әрекетіне шағымданған күтуші Татьяна Кленцова.
Таразда жалпы жеті жүзден астам бірінші топ мүгедегі бар. Яғни, олардың осыншама күтушісі бар деген сөз. Дені - жақындары. Олар күні-түні қасынан табылады. Бірақ төленетін қаражат тұратын жерінен баратын орынға ғана есептеледі. Күтушілер үйдегі қызметке ақы мүлде қарастырылмағанын түсіне алар емес. Олар күніне сегіз сағат қарадым десең тергеудің астына алып, сағаттарын қысқартып тастайтынына ашулы.
"Менің қазір жеке көмекшім - анам. Қаңтар айынан бастап бір тиын алған жоқ. Сегіз сағат мүмкін емес дейді. Ал былай қарап тұрсаң қасымда 24 сағат жүр ол кісі. Бірақ мемлекет белгіленген 8 сағаттың өзін төлегісі келіп отырған жоқ", – дейді бірінші топ мүгедегі Жұлдыз Қаратаева.
Ал жауаптылар әдеттегідей өздеріне шаң жуытар емес. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы барлығы министрлік бекіткен ережеге сай төленіп жатыр дегеннен әрі аспады.
"Жеке көмекшілердің қоғамдық бірлестік арқылы құжат тапсырғандары қаңтар айына толық төлем алды. Қазір олар ақпан айының құжаттарын қоғамдық бірлестікке тапсырып жатыр. Түзеу жұмыстарын жүргізіп бізге береді. Содан кейін біз төлем жүргіземіз. Ол жақта ешқандай проблема жоқ. Минстрлікпен бекітілген ереже солай. Яғни, нақты қайда бардың, сол сағатты қоясың", – дейді Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гаухар Олжабаева.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның 15 өңірінде мүгедектерге көмек көрсететін арнайы орталықтар ашылады
Айта кетейік, жергілікті қазынадан жыл сайын зағип жандарға 66 миллион теңге, ал құлағы естімейтіндерге 58 миллион теңге шамасында қаражат бөлінеді. Демек қаражат бар, ал ақы төлеу қағазбастылық жұмыстарымен тоқтап тұр. Көмекшіге зәру жарымжандар министрлік бекіткен ережені қайта қарап, оған түзету енгізуді талап етіп отыр.