НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді 18 наурыз күні ресми іссапармен Анкараға барды, деп хабарлады қазақстандық СІМ баспасөз қызметі.
Бұл ресми сапарға түрік әріптесі Мевлют Чавушоғлының шақыруы себепші болды.
Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестиция салалардағы өзара әрекеттестікке ерекше назар аударды. Коронавирус пандемиясына қарамастан, екіжақты тауар айналымы 3 миллиард доллардан асып түсті. Тараптар бұл көрсеткішті 10 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр.
Осы күні Қазақстан СІМ басшысы Түркияның вице-президенті Фуат Оқтаймен кездесті. Тараптар Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин мен Фуат Оқтай тең төрағасы болатын үкіметаралық комиссияның кезекті 12-ші отырысына дайындығын талқылады.
Оқи отырыңыз: ҰҚК Түркияда ұсталған қазақстандықтың аты-жөнін жариялады
Келесі жылы Қазақстан мен Түркия дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтеді. Осы жылдар ішінде қос мемлекет арасындағы екіжақты ынтымақтастық стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін артты. Қазақстан мен Түркия екіжақты, өңірлік және халықаралық алаңдарда өзара әрекеттестік орнатқан.