НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Алматы облысында әйелді ұрлап, өлтірді деп айыпталған екі әйелге қатысты сот үкімі жарияланды.
2020 жылы мамырда екі әйел таныс құрбысын өз үйінен алдап ертіп кеткен. Кейіннен оны көлікпен Ескелді ауданының Матай Байысов (бұрынғы Будённый) атындағы ауылға апарып, сол жерде асқан қатыгездікпен өлтірген.
Сот процесінде сотталушылардың бірі тағылған айыпты мойындамады. Ал екіншісі ауырлататын мән-жайларсыз адам өлтіру ісі бойынша бұл процесті қайта қарауды сұрады. Прокурор болса, сотталушыларды 19 және 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
"15 наурызда аталған іс бойынша жиналған дәлелдемелерді ескере отырып, сот екі әйелді де кінәлі деп тапты. Сотталушылардың бірі 18 жылға, екіншісі 17 жылға бас бостандығынан айырылды", – деп хабарлады Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, жәбірленушінің материалдық шығынды өндіру және моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылады. Сотталушылардан материалдық шығын ретінде 1 миллион 323 мың 498 теңге, сондай-ақ моральдық зиянды өтеу үшін әрқайсысынан 5 миллион теңге өндірілді.
Оқи отырыңыз: "Ондай жағдай болған жоқ": Шымкентте мектеп директоры 8 жылға сотталды
Айта кетейік, бұл іске қатысты өзге деректер жарияланбайды және сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.