НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз — Sputnik, Жәния Орынқаева. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің арнайы өкілі Ержан Байтанаев не себепті сотталғандарға вакцина басқалардан бұрын салынғанын түсіндірді.
Қазақстанда жаппай вакциналау ақпан айында басталды. Ең алдымен екпе ірі ауруханалар мен ковид орталықтарында жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне салынды. Наурыз айында мұғалімдер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ қылмыстық-атқарушылық жүйе комитетінің қызметкерлері вакцина салдырғандар қатарын толықтырды.
"Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлеріне наурыз айынан бастап вакцина салынып жатыр. Кейбір мекемелер вакцина салуға ниет білдірген қызметкерлерінің барлығына екпе салып қойды. Енді қалған вакцинаны сотталған азаматтарға ұсынып отыр. Мұндай жағдай жаппай барлық түрмеде болып жатқан жоқ. Вакцина артылып қалған түрмелерде ғана", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне денсаулық сақтау министрлгінің өкілі.
Айта кетсек, тегін вакцина салғыза алатын азаматтарға (медицина қызметкерлері, мұғалімдер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері) екпе ерікті түрде салынады. Сотталғандар арасындағы вакциналауға ІІМ жүйесіндегі мемлекеттік бас санитарлық дәрігер рұқсат берген.
16 наурызда Қазақстан ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі түрмелерде коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау басталғаны туралы ақпарат таратты. Осылайша 9 наурыз күні елордадағы ЕЦ-166/10 қоныс колониясында бас бостандығынан айырылған азаматтарды вакциналау басталды.
Сотталғандар вакцина салуға ерікті түрде келісетіні немесе бас тартатыны туралы тиісті құжатқа қол қояды. Бір апта ішінде мұнда 100-ге жуық азаматқа екпе салынса, 60 сотталған адам вакцинадан бас тартқан. Елімізде жаппай вакциналау кезінде "Спутник V" препараты қолданылуда.
Қазір республика бойынша 80 түрме бар. Онда өз жазасын өтеп жатқандар саны шамамен 32 мыңға жетеді.