НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты.
Мемлекет басшысы қаланың денсаулық сақтау саласындағы күрделі ахуалына тоқталды. Оның айтуынша, бұл саладағы көптеген көкейтесті мәселелер коронавируспен күрестің көлеңкесінде қалып қойып жатыр.
"Жалпы азаматтардың медициналық қызмет көрсету сапасына көңілі толмайтынын айтуымыз керек. Медицина кадрларының жетіспеушілігі де көптің көкейіндегі күрмеулі мәселе. Бұл проблема жылдар бойы шешілмей келе жатыр", - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, әсіресе, төтенше жағдай режимі кезінде бұл мәселенің өзектілігі арта түсті. Қалаға 300-ге жуық дәрігер қажет.
"Бұл өте көп. Егер Алматыда жағдай осындай болса, онда шет жатқан аймақтар туралы не айтуға болады?! Аталған жағдайды қаланың денсаулық сақтау басқармасындағы кадрлардың тоқтаусыз ауысуы ушықтырып жіберіп отыр. Онда жемқорлыққа қатысты заңбұзушылықтар болды. Әкімдік бұл мәселелерді шешумен нақты айналысу керек", – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев еліміздегі эпидемиялық ахуалдың тұрақсыз екенін айта келе, қала тұрғындары мен бизнес өкілдері індеттен сақтануға аса мән бермей, оны елемей жүргенін атап өтті.
"Отандастарымызды сабыр сақтауға, барлық санитарлық нормаларды қатаң ұстануға, коронавирусқа қарсы жаппай вакцинацияны қолдауға шақырамын. Үкімет пен әкімдіктер жаппай вакцинация жүргізуге дайын болуы керек. Біз 1 ақпаннан вакцинация жұмысын бастадық. Бірақ дәл қазіргі уақытқа дейін вакцина салдырған азаматтардың саны 19 мыңнан сәл ғана асады", - деді ол.
Жоспар бойынша 6 миллионнан астам адамға вакцина салу керек.