НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мүгедектік пен асыраушысынан айырылу бойынша төленетін жәрдемақының орташа көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде мүгедектікке байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатындардың жалпы саны 520,8 мың адамға жетіп отыр. Асыраушысынан айырылғандар – 167,2 мың адам. Ресми мәліметке сәйкес, биыл екі айдың ішінде республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша төленген мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының жалпы көлемі 51 миллиард теңгені құрады. Ал асыраушысынан айрылу бойынша 13,5 миллиард теңгенің жәрдемақысы төленді.
Оқи отырыңыз: І топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы төленуі мүмкін
"Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобы мен себебіне, қайтыс болған асыраушының асырауында болған адамдардың санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған "Республикалық бюджет туралы" заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты", - дейді министрлік мамандары.
Осылайша 2021 жылдың 1 наурызындағы мәліметке сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері мүгедектік бойынша 49 211 теңгеге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 40 976 теңгеге жеткен.