НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз — Sputnik. Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше барлық ел титан әкелуге салынатын кедендік баж салығынан босатылды. Бұл туралы Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты.
"Титан өндірісінің әлемдік көшбасшыларының бірі - Өскемен титан-магний комбинатын шикізатпен толық қамтамасыз ету үшін Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) аясында титан шикізатына кедендік әкелу бажын алып тастау бойынша жұмыс жүргізіледі", - деді Атамқұлов үкімет отырысында.
Бұл шикізатқа ванадий - алюминий қорытпасы, титан сынықтары және титан диоксиді жатады. Титан қалдықтары мен сынықтары үшін кедендік әкелу бажының мөлшерлемесі үш жылға 5%-тен 0%-ке дейін төмендетілді. Титан сынығы құйма өндірісінде қайта өңделетін материал ретінде қолданылады. Оны пайдалану процесті жылдамдатып, құнын төмендетеді, сондай-ақ өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
"Ірі тау-кен металлургия кәсіпорындары тарапынан тұтынушылық сұранысқа байланысты кластерлік тәсіл қағидаты негізінде индустриялық орталықтар айналасында шағын және орта кәсіпорындар белдеуін құру бойынша жұмыстар қолға алынады", - деп қосты министр.
Алматы облысында 2025 жылға дейін жылына 25 миллион тонна мыс рудасын өндіретін Көксай мыс кен орнын игеру жобасы ("Kazminerals") жүзеге асырылады. Сондай-ақ Павлодар қаласында жылына 250 мың тонна алюминий шығаратын Қазақстан электролиз зауытының екінші кезегі салынады ("Еуразиялық Топ" ЖШС).
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар онлайн аударымдар үшін салық төлей ме – министрлік түсініктемесі
Жалпы 2021 жылы Қазақстан мырыш өндірісін 18,6%, қорғасынды 18,8%, мыс концентратын 9%, алюминийді 6% ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Алдағы уақытта түсті металлдардың барлық түрі бойынша баға өседі деп болжанып отыр. Осыған байланысты номиналды мәнде түсті металлургия өндірісі өсімі 13% деңгейінде болады (2020 жылғы деңгейге дейін), бұл индустрия министрлігінің мәліметі бойынша өндірістің жоспарланған көлемін қамтамасыз етуі керек.
Титан қалдықтары мен сынықтары үшін кедендік әкелу бажының нөлдік мөлшерлемесі бұған дейін 2015 жылдың 19 қыркүйегінен бастап 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданылған болатын.