Қоғам

Карантинге – 1 жыл: шектеу шаралары қашан аяқталады

© Sputnik / Владислав ВодневКарантин в Казахстане, иллюстративное фото
Карантин в Казахстане, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.03.2021
Жазылу
Қазақстанда карантин жарияланғанына бүгін бір жыл болды. Былтыр 16 наурызда президенттің жарлығымен төтенше жағдай енгізілді. Содан Қазақстан тарихында алғаш рет вирустың таралуына байланысты қатаң шектеу шараларын екі рет ұзартуға тура келді

НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Халықтың біраз бөлігі жұмыссыз қалды, экономиканың дамуы тежелді. Оны құтқаруға қыруар қаржы бөлінді. Қазақстан ғана емес, әлем елдері әбігерге түсті. Ал оған табиғи немесе техногендік апат емес, көзге көрінбейтін вирус себеп болды. Sputnik Қазақстан бір жылдық карантин қалай өткенін еске алып, шектеу шараларының аяқталуына болжам жасады.

Төтенше жағдайды екі рет ұзарттық

Қазақстанда төтенше жағдайды енгізгенге дейін сақтық шаралары қолға алынған болатын. Қаңтар айында шекара бекеттерінде санитарлық бақылау күшейді. Артынан Қытаймен арадағы теміржол мен әуе қатынасы тоқтатылды. Бірақ халық арасында қатты қорқыныш болған жоқ. Сол кезде құдайдың "қаһарына ұшыраған қытайлар" туралы әңгімелер де болды. Ал қауіпті індет басқа елдерге жайылғаннан кейін бақылау жұмыстары күшейе түсті. Дегенмен көрші Ресейде коронавирус жұқтырған алғашқы адам анықталғанда қазақтың қымызы мен сорпасына сенгендер көп болды. Осылайша, ұлттық иммунитетпен мақтанып жүргенде қауіпті вирус Еуропадан ұшып келді.

13 наурызда Германиядан келген екі адамнан коронавирус табылды. Сол күні тағы төрт адамның сынамасы оң нәтиже көрсетті. Сол кезде вирустың Қытайдан емес, Еуропадан келіп жатқаны белгілі болды. Үкімет шұғыл шараларды қолға алды. Ал 16 наурызда президент төтенше жағдайды енгізуге шешім қабылдады.

Төтенше жағдай аясында карантин енгізіліп, ауқымды санитарлық жұмыстар басталды. Азық-түлік сатпайтын сауда орталықтары жабылды, кинотеатрлардың жұмысы тоқтатылды. Қазақстанға кіруге және шығуға тыйым салынды. Мектеп оқушыларын ерте демалысқа жіберді. Студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Ал үш күннен кейін Нұр-Сұлтан мен Алматыны карантинге жауып тастады. 

Қалалар босап қалды

Шыны керек, екі қаланы карантинге жауып тастаса да, халық арасында сенімсіздік басым болды. Біреулер саяси астар іздесе, енді біреулер елді көшеге шығармаудың амалы деп ойлады. Доллар да қайта-қайта секіріп тұрды. Девальвация туралы алыпқашпа әңгімелер тарады. Соған қарамастан, екі қаланың кіреберісіне блок бекеттер қойылып, кіруге және шығуға шектеу енгізілді. Әрбір қаланың ішінде қатаң тәртіп орнатылды. Далада себепсіз жүруге тыйым салынды. Қаланың өмірі кәдімгідей тоқтап қалды.

Алматы да қатаң каратин болды. Себебі науқастардың саны күн сайын көбейе берді. Бұған дейін Қытайдың Ухань қаласынан тараған видеолар Қазақстанда түсіріле бастады.

Артынан шектеу шаралары басқа облыстарға да тарады. Қазақстандықтар алғаш рет Наурыз мейрамын көпшілікпен емес, үйде қарсы алды. Ал төтенше жағдайды екі рет ұзартуға тура келді. Бірақ шектеу шараларын сәл жеңілдетті.

42 500 теңгенің жыры

Төтенше жағдай кезінде көптеген нысандар жабылды. Халықтың біраз бөлігі жұмыссыз қалды. Сол кезде президенттің тапсырмасымен жұмыссыз қалған адамдарға 42 500 теңгеден таратылды. Бірақ өтінім қабылдау басталғанда электронды жүйе істемей қалды. Техникалық ақау шықты. Сонда цифрландыру шараларының кемшілігі анық байқалды. Халық 42 500 көпбалалы отбасыға тым аз болатынын да ашық айтты.

Ресми мәліметке сәйкес, қатаң шектеу шаралары кезінде 4,5 миллионнан астам адам ақшалай көмек алды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыз қалғандарға 476 миллиард теңге берілді. Бұдан бөлек, вирус жұқтырған мамандарға және одан қайтыс болған дәрігерлердің отбасыларына барлығы 20,5 миллиард теңге төленді.

Бұдан бөлек, президенттің тапсырмасы бойынша салықтар мен кредит төлемдері кейінге шегерілді. Коммуналдық шығындарды жабуға ақша берілді.

Төтенше жағдай аяқталды

Коронавирус туралы жаңа ақпараттар шыққан сайын халықтың көзқарасы өзгере бастады. Әсіресе, үлкен кісілер өз денсаулығына қатты алаңдады. Бетперде кимей жүрген жастарға ренішпен қарады.

Сол кезде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде сан алуан жалған ақпарат тарап кеткен. Соның ішінде вакцинамен чип салу, ұшақтармен у шашу, тіпті, дезинфекторлардың жұмысына қатысты күдік туындай бастады. 5G-ге қатысты жалған мәліметтер де аз болған жоқ.

11 мамырда төтенше жағдай режимін алып тастады. Осылайша, екі айға жуық уақыт бойы үйден тек дүкенге, дәріханаға және жұмысқа шыққан қазақстандықтар таза ауада емін-еркін серуендей бастады. Алайда кейбір шектеулер сақталды.

Үш аптадан кейін Қазақстанда облысаралық блок бекеттер алынып тасталды. Нұр-Сұлтан мен Алматы да толығымен ашылды.

Індет өршіп кетті

Төтенше жағдайды алып тастағаннан кейін теміржол мен әуе қатынасы ашылды.

Ал ұшақпен жүретіндер біраз шығынға батты. Себебі ұшақтардың саны шектеулі болды. Оған қоса, әрбір жолаушыдан ПТР-тестті талап етті. 

Шектеу шараларын жеңілдеткеннен кейін адамдар ең алдымен шаштаразға лап берді. Бірақ барлығын бір уақытта кіргізген жоқ. Кәсіпкерлер санитарлық талаптарды қатаң орындауға міндеттелді.

Балалармен шығуға және спортпен айналысуға рұқсат берілді. Алайда маусымның соңына қарай науқастардың саны күрт өсті. Содан карантинді күшейтуге тура келді. Мамандардың айтуынша, қатаң карантин коронавирустың шарықтау шегін бір-екі айға шегеріп тастады. Ал төтенше жағдайдан кейін халық сақтық шараларын сақтамағаннан кейін вирус тез тарала бастады.

"Коронавирус күннің көзіне шыдай бермейді" деп айтса да, оңтүстік өңірлерде пневмониямен ауруханаға түскен науқастар көбейді. Инфекциялық стационарларда бос орын болмады. Оған дәрі-дәрмекті жеткізу проблемасы да қосылды. Жасанды тыныс алдыру аппараттары жетіспеді. Халық өз ақшасына шетелден оттегі аппараттарына тапсырыс берді. Сол кезде қазақ халқы елге еңбегі сіңген біраз азаматтан айырылды. Олардың ішінде жазушылар, ғалымдар, сазгерлер, әртістер, спортшылар, судьялар мен дәрігерлер бар. 13 шілде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес кезінде туындаған қиындықтар үшін жауапты адамдарды жазаға тартуды тапсырды. Медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" басшысы жұмыстан кетті. Артынан соңғысы тергеуге алынды. Ал қыркүйек айында экс-министр Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық істің қозғалғаны туралы ақпарат шықты. Оны аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап еткені үшін айыптап отыр.

Осы уақытқа дейін цифрландыру шараларына жауапты болған Асқар Жұмағалиев те қызметінен босатылды. Оның орнына Бағдат Мусин келді.

Карантин көп нәрсеге үйретті

Карантин кезінде қазақстандықтар денсаулыққа көп көңіл бөлді. Отбасылық құндылықтарды бағалай бастады. Жаңа тағамдарды істеуге үйренді. Көршілерімен жақын танысты.

Рамазан айына дейін мешіттер ашылады деген үміт болған. Алайда ғибадат орындары сол күйі жабық тұрды. Соған қарамастан, мүфтият діни рәсімдерді онлайн режимде атқарды. Тіпті ауызашарға онлайн түрде тапсырыс беру қызметі қосылды.

Ата-аналар болса, мұғалімдердің қадірін түсінді. Себебі үшінші тоқсанда оқушылар толығымен онлайн форматта білім алды.

Карантин кезінде адамның қазасына байланысты батаны онлайн жіберу дәстүрі де шықты. Телефонмен көңіл айтуға да ұялмайтын болдық.

Шектеу шаралары қашан аяқталады

1 ақпан күні Қазақстанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау басталды. Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен вице-министр Ажар Ғиният алғашқы болып ресейлік "Спутник V" вакцинасын салғызды.

Вакцина инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен салынады. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтар, құтқарушылар, полицейлер, әскерилер, созылмалы ауруы бар адамдар бар. Ал сәуір айынан бастап COVID-19-ға қарсы QazCovid-in қазақстандық вакцинасын егу жоспарланып отыр.

Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясовтың айтуынша, карантинді жеңілдету және шектеулерді алып тастау үшін халықтың, кем дегенде, 50 проценті вакцина салдыруы тиіс. Сонда ұжымдық иммунитет қалыптасады. Министрлік жоспары бойынша жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салынады. Алайда екпе егудің қазіргі қарқыны баяу.

Ресми мәліметке сәйкес, 15 наурызда ресейлік вакцинаның бірінші компонентін 69 мың адам салдырса, екінші дозасын 19 мыңға жуығы алған. Бәлкім, қазақстандық вакцина шыққаннан кейін екпе салатындар көбейеді. Дегенмен, қазіргі көрсеткішпен жылдың аяғына дейін 6 миллион адамның коронавирусқа қарсы екпе салдыруы мүмкін емес. Ал осы жоспар орындалмаса, карантиндік шараларды ұзартуға тура келеді.

Жаңалықтар
0