АЛМАТЫ, 15 наурыз – Sputnik. Қызылорда облысында газ баллоны жарылып, төрт адам қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Қайғылы жағдай туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жазды.
"Жерлестер! Бүгін Қармақшы ауданы Жосалы кенті Рүстембеков көшесі, 29 мекенжайында орналасқан жеке тұрғын үйде түскі сағат 13:30 кезінде 27 литрлік газ баллоны жарылып, 144 шаршы метр жер өртке оранып, 4 адам көз жұмды. Қайтыс болған азаматтардың туған-туыстарына Сыр елі жұртшылығы атынан қайғыра көңіл айтамын", - деп жазды облыс әкімі.
Сондай-ақ, облыс әкімі қайтыс болғандардың аты-жөнін жариялады. Олар:
- 2001 жылы туған С. Өміртаева,
- 1981 жылы туған Р. Айтмаханова,
- 2000 жылы туған Н. Айтмаханова,
- 1999 жылы туған С. Мырхиев.
Өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері келгенге дейін 1950 жылы туған С. Алмаханова хирургия бөлімшесіне жатқызылған.
Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері мен 4 техникасы, ӨКМ-нің 20 қызметкері және 4 техникасы, жергілікті атқарушы органның 10 қызметкері мен 3 техникасы, прокуратураның 3 қызметкер, 1 техникасы, бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің 8 маманы мен 3 техникасы, Қызылорда электр тарату тораптары компаниясының 3 қызметкері мен бір техникасы жұмылдырылды.
"Бұл бәрімізге де жеңіл тимеді. Қазіргі таңда осыған байланысты мәселе менің тікелей бақылауымда тұр. Өрттен, судан, басқа да апаттан аман болайықшы, жерлестер!", - деп жазды Әбдіқалықова.
Қармақшы ауданы Қызылорда облысының орталық бөлігінде орналасқан. Аудан орталығы – Жосалы кенті.