Қоғам

Шенеуніктер қашып құтыла алмайды: мемлекеттік органдардың жұмысы қалай өзгереді

© SputnikПортфель
Портфель - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.03.2021
Жазылу
Sputnik Қазақстан жаңа заң қабылданған жағдайда қоғам белсенділері мен мемлекеттік органдардың жұмысында қандай өзгерістер болатынын анықтады

НҰР-СҰЛТАН, 15 наурыз — Sputnik. Қазақстанда "Қоғамдық бақылау туралы" заң жобасы жаппай талқылауға шығарылды. Заңды парламент қабылдағаннан кейін ол 2022 жылы күшіне енеді деп көзделіп отыр.

Sputnik Қазақстан ақпарат министрлігінің өкілімен сұқбаттасып, осы заң қабылданған жағдайда қоғам белсенділері мен мемлекеттік органдардың жұмысында қандай өзгерістер болатынын анықтады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында заң әзірлеу туралы тапсырма берді. Оның айтуынша, қоғамдық бақылау институтына мемлекеттік бақылау жүйесінің баламасы ретінде қолдау көрсету керек. Тоқаев бұл заң мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың ашықтығын қамтамасыз етуге көмектесетінін айтты.

Міне, наурыз айында сәйкес заң жобасы жаппай талқылау үшін "Ашық НҚА" сайтында жарияланды. Құжатта тек мемлекеттік органдар емес, сондай-ақ ұлттық компаниялар, мемлекеттен ақша алатын бизнес те қоғамдық бақылау нысанына айналуы мүмкін екені жазылған. Қоғам белсенділері олардан "қолжетімділігі шектеулі" деген санатқа жататын мәліметтен басқа барлық қажетті ақпаратты сұрауға құқылы. Қазақстандықтар "тікелей немесе қоғамдық бақылау топтарына қатысу арқылы" қоғамдық бақылау жүргізе алады. Құжат мәтініне сәйкес мына азаматтарды қоғамдық бақылау жұмысына тартуға тыйым салынған:

  • сотталу мерзімін толық өтемеген;
  • психиатр немесе нарколог есебінде тұрған;
  • сот шешімі бойынша әрекет етуге қабілетсіз немесе әрекет етуі шектеулі деп танылған.

Журналистерден қашуға жол жоқ: заң не үшін қажет

Ақпарат министрлігінің азаматтық қоғам істері жөніндегі комитет басшысы Мадияр Қожахметтің айтуынша, Қазақстанда қазірдің өзінде қоғамдық бақылаудың түрлі формалары бар. Ал әзірленген заң жобасы осы әрекеттер мен қарым-қатынастың жалпыға ортақ принциптерін айқындайды.

"Заң жаңа бақылау топтарын құруды қарастырмайды. Кейбіреулер, мысалы, әкімдіктің есігін қағып, қандай да бір құжаттарды талап ететін жаңа еріктілер пайда болады деп ойлайды. Жоқ, түбегейлі түрде ешқандай өзгеріс енгізілмейді. Біз бар болғаны қазіргі жүйені реттеуге тырысып жатырмыз", - деді Қожахмет Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Басқа салаларда да осы тектес заңдар бар. Мысалы, "Волонтерлік қызмет туралы" заң, "Қайырымдылық туралы" заң, "Үкіметтік емес ұйымдар туралы" заң. Яғни қабылданған заңда қазір жұмыс істеп тұрған институттар мен олардың жұмысы реттелді.

"Жалпы бұл процестің бірыңғай, жалпыға ортақ әдіс-әрекеті жоқ. Заң жобасы осының барлығын біріктіріп, ортақ әдеп принциптері, әдістері мен үлгілерін айқындайды", - деді Қожахмет.

Ол бұл заң мемлекеттік органдар үшін белгілі бір сигналға айналуы керектігіне сенім білдірді.

"Біз журналистердің сұрақтарына жауап бергісі келмей, шенеуніктердің қаша жөнелгенін жиі көреміз. Ал енді заң жобасында мемлекеттік органдар қандай да бір сауалы бар қоғам белсенділеріне толық, жан-жақты жауап беруі керек екенін нақты көрсеттік. Заң қоғам оны ұры деп санағандықтан емес, нақтылауды қажет еткендіктен тексеріп отырғанын шенеунікке жеткізуі тиіс", - деді комитет төрағасы.

Кім қоғам белсендісі бола алады

Қожахметтің айтуынша, бүгінде әлеуметтік желіні пайдаланушы кез келген азамат қоғамдық бақылауға қатысушы бола алады.

"Азамат қажетті ақпаратты мемлекеттік сатып алулар сайтынан алып, оны Facebook желісіне жариялап, қоғамда қызу талқылау тудыруы мүмкін. Міне, қоғамдық бақылау деген осы. Заң сіздің осы тектес әрекетіңізді қоғамдық бақылау үлгісі ретінде қарастырады ", - деді Қожахмет.

Комитет басшысы атап өткендей, әрбір тұтынушы сапасыз тауар немесе қызмет туралы тұтынушылар лигасына шағымдана алады. Әйелдер сарбаз аналарының комитеті арқылы өз ұлының әскери борышты қалай өтеп жатқаны туралы ақпара ала алады. Қоғамдық ұйымдар сотталушылар жазасын өтеп жатқан колониялардағы жағдайды тексере алады. Арнайы үкіметтік емес ұйымдар қазақстандық кәсіпорындардың Киот хаттамасын сақтауы және парниктік газдардың шығуына бақылау жасайды.

"Қазір бес кодекс пен 17 заңда қоғамдық бақылауды реттейтін нормалар бар. Заңды қабылдау 2025 жылға дейін азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының бір бөлігіне айналады", - деді Қожахмет.

Қызу талқы жалғасады

Оның айтуынша, қоғамдық бақылау институтын мемлекеттік органға қарсы қоюдың қажеті жоқ.

"Қоғамдық бақылау институты – қарсы күрес жүргізуші тарап емес. Оған қабылданған шешімдердің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік органдардың көмекшісі деп қарау керек. Ашықтық болмаған сайын наразылық арта береді", - деп түсіндірді комитет абсшысы.

"Ашық НҚА" порталындағы жаппай талқыдан кейін заң жобасы үкіметпен келісіліп, одан соң парламент мәжілісіне жолданады деп жоспарланып отыр.

"Мәжілісте кезекті талқылаулар күтіп тұр деп ойлаймын. Бұл заңға қатысты көп қызықты идеяларды естиміз деген үміттемін", - деп түйіндеді Қожахмет.

Жаңалықтар
0