НҰР-СҰЛТАН, 15 наурыз — Sputnik. Түркістан облысының әкімдігі өңірдегі электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары қалай жүріп жатқаны туралы хабарлады.
Қолайсыз ауа райы салдарынан электр жеткізу сымдары үзіліп, 20 мыңнан астам абонент жарықсыз қалғаны белгілі болды. Дауылды жел мен қалың қар салдарынан бес ауданда ішінара жарық өшіп қалды. Атап айтқанда, Бәйдібек, Отырар және Ордабасы аудандары, Кентау мен Арыс қалалары зардап шекті, деп хабарлады Түркістан облысының әкімдігі.
Қазір екі қаладағы жағдай тұрақталды. Кентау қалалық жылу электр станциясы жұмыс істеп тұр, электр жеткізу желілеріне жөндеу жүргізілді.
Қалған үш аудан бойынша электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Апатты жағдайдың салдарын жою туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен жиында сөз болды.
"Бұл сирек болатын жағдай. Нөсер жауын жауып, жел тұрды, аяз салдарынан мұз қатты. Облыс бойынша екі мыңнан астам электр бағаналары құлап қалды. Біз шара қабылдауымыз керек", - деді аппарат отырысында өңір басшысы.
Бұл жағдайды облыс әкімі Шөкеев жеке бақылауына алып, зардап шеккен аудандардың басшыларына қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуды тапсырды.
Жиын барысында "Оңтүстік Жарық Транзит" компаниясының басшысы Ордабасы ауданындағы жағдай жақын уақытта түзеледі деп сендірді. Ал Отырар мен Бәйдібек аудандарындағы қалпына келтіру жұмыстары бір айға созылады.
"Бір ай тым ұзақ. Бір аптаның ішінде қалпына келтіру керек", - деді Өмірзақ Шөкеев.
Соңғы екі күнде қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр. Бұл жұмыстарға энергетика компаниясының 20-дан астам бригадасы, 30 бірлік техникасы және 100-ден астам жұмысшысы жұмылдырылды.