АЛМАТЫ, 14 наурыз — Sputnik. Желіде караоке-барда демалыс өткізген талдықорғандық шенеуніктердің видеосы пайда болды.
Ролик авторы Қайрат Әбдірахманның айтуынша, ол бірнеше сағат бойы Талдықорған әкімдігі қызметкерлерінің әрекетін бақылаған. Олар караоке-барға қызметтік көлікпен келді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкері (болжам бойынша) рөлге мас күйде отырып, әйелін соққыға жыққан кадрларды көрсетті. Автор видеода әкім орынбасары да бар екенін айтты.
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік хабарлауынша, Алматы облысы бойынша аумақтық департамент тексеріс жүргізіп жатыр.
"Жоғары тұрған лауазымды тұлғаға тиісті шара қабылдау жөнінде хат жіберілді. Қазіргі уақытта Талдықорған әкімдігі қызметтік тексеріс жүргізуде", - деді ведомствода.
Алматы облысы полиция департаменті Sputnik Қазақстан тілшісіне 13 наурыз күні сағат 01:00-де патрульдік полиция "Беркут-163" автоэкипажы құрамында Kia Sorento көлігін тоқтатқанын жеткізді. Жүргізуші ішімдік ішкен. Ол Назарбаев көшесінде "Газпромнефть" жанармай стансасы маңында ұсталды.
"1991 жылы туған жүргізуші жеңіл дәрежеде мас екені анықталды. Ол Талдықорған қаласы құрылыс бөлімінің қызметкері", - деді полицияда.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабына сәйкес, хаттама толтырылды. Алдағы уақытта материалдар сотқа жіберіледі. Тәртіпбұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Сондай-ақ 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылуы ықтимал.