НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз – Sputnik. Сенатор Ақылбек Күрішбаев ұлттық университеттерге ерекше жағдай жасауды тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бұрын маман даярлау бағыттары бойынша жоғары білімнің флагманы ретінде ұлттық университеттер үшін ерекше жағдай жасау қажеттілігі болған. Бірақ қазір көптеген қарапайым университетте білім беру қызметтерінің сапасы ұлттық университеттерден кем емес. Оған қоса, жоғары оқу орындарының академиялық дерберстігі заңды түрде бекітілді. Енді олардың дамуын кәсіби бәсекелестік анықтауы керек", - деді Күрішбаев сенаттың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, бүгінде ұлттық университеттерге мемлекеттік білім беру гранттары жоғары бағамен беріледі. Сөйтіп ерекше артықшылықтар жасалған. Ал қатардағы университеттерге грант аясында бөлінетін қаржы төмен.
"Отандық жоғары білім саласында осындай қос стандарт қалыптастыру түсініксіз, тіпті, қисынсыз. Дамыған мемлекеттерде университеттерді "ұлттық" немесе "ұлттық емес" деп бөлу және соның негізінде мемлекеттік білім беру гранттарының мөлшерін әртүрлі белгілеу кездеспейді. Әңгіме университеттерді ұлттық мәртебеден айыру туралы емес", - деп атап өтті Күрішбаев.
Сенатор барлық жоғары оқу орны үшін мемлекеттік білім беру гранттарының құнын бірдей белгілеп, оқытушылардың жалақысын теңестіру керек деп санайды. Осыған орай сенаттың бір топ депутаты үкіметке сауал жолдап, мәселенің мән-жайын түсіндіруді талап етті.