Қоғам

Қазақстанда тәркіленген ең ірі көлемдегі есірткі ісі бойынша сот басталды

© AP Photo / Jean-Francois BadiasСудебный молоток, архивное фото
Судебный молоток, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.03.2021
Жазылу
Өткен жылдың жазында Қазақстанның батысындағы арнайы операция кезінде жиырма келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Бүгін сотта күдіктілердің бірінен жауап алды

НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз — Sputnik. Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында трансұлттық ұйымдасқан топ құрды және есірткіні заңсыз сатты деген күдікпен Украина азаматтары Игорь Дунаевский мен Виталий Малюкке қатысты іс қаралып жатыр.

Істі судья Бақыт Ермаханов қарауда. Соттың бірінші отырысында сотталушы Игорь Дунаевскийден жауап алды. Ол тура бір жыл бұрын, 9 наурызда Оралға келгенін айтты. Оның айтуынша, Игорь соңғы 10 жылда Еуропаның бірқатар қаласында тұрған, деп жазды "Мой Город".

"Бірнеше жыл бұрын мен жол апатына ұшырап, жарақат алдым, денсаулығым нашарлады да, мен Украинаға оралуға мәжбүр болдым. Сол жақта Алексеймен таныстым. Оның үгіттеуімен Қазақстанға келдім. Бастапқыда ешқандай қылмыс туралы сөз болған жоқ", - деді Дунаевский. 

Ол Алексей Қазақстандағы өзіне тиесілі логистикалық компанияда қосымша табыс табуға ұсыныс жасағанын айтты. Сотталушы мұның астарында қылмыстық пиғыл бар екенінен сезіктенбегенін мәлімдеді. 

Сотталушылар Оралға келгеннен кейін Теректі ауданындағы Ақсуат ауылынан үй мен екі автокөлік сатып алған. Тергеу мәліметі бойынша, олар жылжымайтын мүлік пен қажетті жабдық үшін 36 мың доллар жұмсаған. 

Айта кету керек, сотталушыларды ұстағаннан кейін тәртіп сақшылары гараж бен ауладағы қосалқы ғимараттарда заманауи техникамен жабдықталған жерасты есірткі зертханасы орналасқанын хабарлады.

"Үй ауылдың шетінде орналасқан. Біз қоршаулар орнатып, жан-жағын тазаладық, гараж бен зертхананы жабдықтадық. Ол кезде мен сот алдынла жауап беремін деп ойламадым. Мен ұзақ жылдар бойы есірткі үшін қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын елдерде тұрдым. Өзім ешқашан есірткі қолданған емеспін. Мен осы істі жүзеге асыруға көндім. О баста әңгіме жеңіл есірткі мен темекі қоспалары жайлы болды. Кейінірек қажетті жабдық пен шикізат жеткізілді. Менің химиялық процестер мен реакциялардан хабарым жоқ", - деді сотталушы. 

Оның айтуынша, керекті ингредиенттер Алматы мен Ресейден жеткізілген. Дунаевский өзін трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі деп санамайтынын жеткізді. 

Ол есірткі дайындаумен Данила есімді азамат айналысқанын айтты. Дунаевский мен Малюк оған видео түріндегі есеп жолдағанмен, Даниламен жеке таныс болмаған.

Сотталушылардың айтуынша, олар жасырын зертханада "метамфетамин" психотропты затын әзірлеген. 

Осы сот отырысында тек бір сотталушыдан жауап алды. Кезекті сот отырысын 16 наурызға белгіледі. 

Еске салсақ, сотталушылардан тәркіленген есірткі партиясы Қазақстан тарихындағы ең ірі көлемдегі есірткі деп танылды. 

Үйді және зертхананы тінту кезінде ұнтақ заттар, қоспалар, химиялық заттардың концентраттары, химиялық реагенттердің канистралары, қорғаныш костюмдері, респираторлар мен зертханалық жабдықтар табылған. 
Сонымен қатар тінту кезінде құқыққорғау органының өкілдері 11,4 килограм метефедрон синтетикалық есірткісі мен 8,1 килограмм пировалирон тәркіледі.

Жаңалықтар
0