Экономика

Әрбірі 19 млн теңге алған: сақтандыру қорының сыйақысы депутаттың ашуын туғызды

© Sputnik / Абзал КалиевЧеловек считает деньги
Человек считает деньги  - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.03.2021
Жазылу
НовостиTelegram
Өткен жылы бюджеттен тыс қорларға түскен жарналар мен аударымдардың жиынтық сомасы 1,8 триллион теңгені құраған. Бұл республикалық бюджетке түсетін корпоративтік табыс салығынан да көп

НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Мәжіліс депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі Аманжан Жамалов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметкерлерінің жалақысына жұмсалған ақша туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Айтуынша, былтыр бюджеттен тыс қорларға түскен жарналар мен аударымдардың жиынтық сомасы 1,8 триллион теңгені құраған. Бұл республикалық бюджетке түсетін корпоративтік табыс салығынан да көп. 

"Қазір бюджеттен тыс қорлардың шығыны парламент пен есеп комитетінің бақылауынан тыс қалды. Ал миллиардтаған теңге. Мәселен, 2019 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының әкімшілік шығындары 5,8 миллиард теңгеден асты. Жұмысшылардың еңбекақысына 4,4 миллиард теңге жұмсалған. Егер мұны қордың барлық 850 қызметкеріне бөлсек, әрбіріне айына 434 мың теңгеден келеді. Бұл елдегі орташа жалақыдан 2 есеге жоғары", - деді Жамалов премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында. 

Ол, сондай-ақ, қордың басқарма мүшелері алған сыйақы мөлшеріне де тоқталды. 

"ӘМСҚ-ның қолжетімді қаржылық есептілігін зерделесек, қордың төрт басқарма мүшесіне 77 миллион теңгеге жуық сыйақы төленген, яғни әрқайсысына – 19 миллион теңгеден. ӘМСҚ-ның басқарма мүшесі халықтан жалақысының қанша екенін осы үшін де жасырған шығар. Коммерциялық құпия деп ақтала бастады, өкініштісі, бұл жағдай адамдардың жарнасы мен аударымдары есебінен ұсталатын мемлекеттік қорда болып отыр", - деп ашынды депутат. 

Жамалов осыған ұқсас миллиардтаған сома басқа қорларда да барын айтты. 2019 жылы БЖЗҚ-ның әкімшілік шығындары 11,8 миллиард теңгеден асқан. Ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының шығындары 1,9 миллиард теңгені құрады. 

Осыған байланысты мәжілісмен бюджеттен тыс қорлардың шығындары туралы ақпаратты барынша ашық әрі қолжетімді ету керектігін айтты. 

"Бюдежттен тыс қорлардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін әкімшілік шығындар мен еңбекақыға жұмсалатын қаржы туралы ақпаратты барынша ашық көрсетудің стандарттарын бекіту қажет", - деді ол. 

Жамалов Ресей Зейнетақы қорын әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларымен біріктіру процесін бастап кеткенін тілге тиек етті. Нәтижесінде көрші елде бірыңғай "әлеуметтік қазынашылық" құрылып, оларды ұстауға кететін шығынның 120 миллиард рублі немесе 700 миллиард теңгесі үнемделеді. 

Сол себепті, депутат Қазақстан үкіметі де бірыңғай әлеуметтік қор құру арқылы әлеуметтік қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесін жұмылдыру мәселесін тездетіп шешуі тиіс деп санайды.

Жаңалықтар
0