Қоғам

Мәжіліс депутаты айыппұлды адамның жеке табысына қарай белгілеуді ұсынды

© SputnikВодительское удостоверение, архивное фото
Водительское удостоверение, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.03.2021
Жазылу
Депутаттар айыппұл мөлшері қарапайым адамның бір айлық жалақысының немесе жеке кәсіпкердің табысының 2-3%-нен, ең көп дегенде 5 процентінен аспауы тиіс деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. "Ақ жол" фракциясының депутаттары кез келген әкімшілік айыппұлды адамның кірісін ескере отырып айқындауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Азат Перуашев мониторингтік топтардан қысым көріп отырған шағын және орта бизнестің проблемасын көтерді. Айтуынша, олардың рейдтері заңға сәйкес келмейді, кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіреді.

"Ақ жолға" көмек сұраған кәсіпкер әйелден хат түсті. Мониторингтік топ оның Теміртаудағы шағын дүкенін бір айда 18 рет тексеріп кеткен. Өкінішке қарай, мұндай мысалдар өте көп. Мониторингтік топтар осындай әрекеттері арқылы пандемиядан әрең аман шыққан кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп жатыр, қоғамдағы тыныштыққа да қауіп төндіруде", - деді Перуашев премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.

Депутат жуырда Текелі қаласында базарда көкөніс сататын көпбалалы кәсіпкер ананың оқиғасын еске алды. Полиция мен әкімдік өкілдерінен құралған тексеруші топ бетпердені иегіне тағып алған әйелді суретке түсіріп алған.

"Кәсіпкердің маскасы болған, бірақ иегіне түсіріп қойған. Осы үшін әйелге 670 мың теңге айыппұл салды, ал оның бір күндік табысы 5 мың теңгеден аспайды. Яғни, айыппұлды төлеу үшін әлгі адам тамақ ішіп-жемей, пәтердің коммуналдық ақысын төлемей, балаларына киім алмай, жарты жыл жұмыс істеуі керек. Әйтеуір әлеуметтік желіде бұл оқиға резонанс туғызып, әйел айыппұл төлемейтін болды. Бірақ мәселе тек осы кәсіпкер әйелде ғана емес қой?! Дәл сол күні базардағы тағы бірнеше әйел айыппұл арқалады, күн сайын ондаған, жүздеген саудагерге айыппұл салынады. Оларға ешкім жаны ашып отырған жоқ. "Мониторщик" мырзалар, сіздер не ойлап жүрсіздер? Олар біздің мемлекеттің азаматтары емес пе?!, - деп ашынды Перуашев.

Ол халықтың тұрмысы жоғары елдердің өзінде айыппұл мөлшері құқықбұзушының кірісіне байланысты екенін атап өтті.

Оқи отырыңыз: Депутаттар зейнет жасын төмендетуді тағы да сұрады

Осыған байланысты депутаттар жеке тұлғаларға салынатын кез келген әкімшілік айыппұлды азаматтың жеке табысын ескере отырып айқындауды ұсынды. Яғни, олар айыппұл мөлшері қарапайым адамның бір айлық жалақысының немесе жеке кәсіпкердің табысының 2-3%-нен, ең көп дегенде 5 процентінен аспауы тиіс деп санайды.

Депутат мұндай жағдайда ауқатты құқықбұзушылар айыппұлды көбірек төлесе де, мұның әділетті болатынын айтты.

Жаңалықтар
0