НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Елорданың сол жағалауындағы әкімшілік ғимараттың түтіндеуіне байланысты 200-ге жуық адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәлімдеуінше, сағат 13.30-да Қабанбай батыр көшесінде орналасқан әкімшілік ғимаратқа 26 өрт сөндіруші мен 5 арнайы техника шұғыл жеткен.
"Өрт сөндірушілер ғимарат автотұрағы қатты түтін шыққанын анықтады. Алдын-ала болжам бойынша өрт электрқалқанындағы сымдардың қысқа тұйықталуынан тұтанған. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ", – делінген хабарламада.
Ведомство баспасөз қызметінің дерегінше, өрт сөндірушілер келгенге дейін әкімшілік ғимараттан 200 адам мен бір Audi автокөлігі эвакуацияланған.